Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық серіктестігі

Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық серіктестігі

Қазақ-қытай қатынастары жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейіне жетті. Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Ван Хунинмен кездесуде айтты. Бұл ретте ел басшыларының тұрақты кездесулері елеулі рөл атқарды. Қазақстан Президенті бұндай келіссөздер барысында тату көршілік қарым-қатынас пен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін негіз қаланады деп атап өтті. Сондай-ақ тараптар әңгімелесу барысында екі елде жүргізіліп жатқан реформалар жөнінде пікір бөлісті. Кездесу барысында белсенді саяси диалогты жалғастыру маңызы да сөз болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
-
Төраға Си Цзиньпиннің көреген, сарабдал саясатының және оның «Бір белдеу, бір жол» тұжырымдамасының табысты  жүзеге асып жатқанына куә болып отырмыз. Біз, әлбетте, Қытайдың жетістіктеріне қуанамыз. Сіздің еліңіз әлемдегі озық әрі жетекші державаға айналуды көздеген асқақ мұратына батыл қадам басып келеді. Төраға Си Цзиньпиннің дана басшылығымен Қытай елінің жаңа дәуірлеу кезеңінде және «Адамзаттың ортақ тағдыры» концепциясын ілгерілету ісінде бұдан да  керемет жетістіктерге жететініне сенімдімін.

Ван Хунин, ҚХСКК БК төрағасы:
-
Сіздің басшылығыңызбен Қазақстанның қарқынды дамып, тұрмыс деңгейі ұдайы жоғарылап келеді. Бұл – таңғаларлық нәтиже. Бүгін Сіз  «Бір белдеу, бір жол» III форумының ашылу рәсімінде өте мазмұнды сөз сөйлеп, ынтымақтастыққа қатысты бірқатар маңызды ұсыныс айттыңыз. «Бір  белдеу, бір жол» аясындағы стратегиялық серіктестіктің 10 жылында барлық тараптың ортақ күш-жігерінің арқасында біз зор жетістіктерге қол жеткіздік. Сіз Си Цзиньпин мырзамен ұдайы тығыз байланыста болып, көптеген кездесу өткіздіңіз. Сонымен қатар сіздер қазақ-қытай қатынастарының жаңа «алтын 30 жылдығын» бастап бердіңіздер. Қытай тарапы екі ел басшылары қол жеткізген маңызды уағдаластықтарды жүзеге асыру жолындағы ынтымақтастықты бірлесе ілгерілетуге дайын.