Қазақстан Президенті ҰҚШҰ жұмысының басым бағыттарын белгіледі

Қазақстан Президенті ҰҚШҰ жұмысының басым бағыттарын белгіледі

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҰҚШҰ-на төрағалық ету Қазақстанға өтеді. Ұйым аясында біздің еліміз ұжымдық қауіпсіздік жүйесін одан әрі нығайтуға елеулі үлес қосуға дайын, деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. Осыған орай Мемлекет басшысы ҰҚШҰ-ның алдағы кезеңдегі қызметі бойынша ерекше назар аударуды қажет ететін бірқатар басым бағытты ұсынды. Мәселен, қауіпсіздік саласында мүдделі елдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнату – басымдыққа ие бағыттардың бірі. Атап айтқанда, бұл – БҰҰ, ТМД және ШЫҰ-мен. Сондай-ақ президент Әскери ынтымақтастық мәселелері бойынша қарым-қатынас Ұйым қызметінің екінші маңызды бағыты ретінде ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ұйымның Ұжымдық күштерін жедел әрекет ету мәселелеріне қатысты нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының  Президенті:
-
Бұл контингенттің кедергісіз әрі еш жерге аялдамай қозғалуына, әскери авиацияның ұшуына және тағы да басқа аспектілерге қатысты. Сонымен қатар әскери кадрларды даярлау жүйесін және Ұжымдық Қауіпсіздік шарт Ұйымына мүше мемлекеттердің әскери-ғылыми қуатын дамытуды жалғастырған жөн. Ұйымның бітімгершілік әлеуетін арттыруға айрықша мән беру ұсынылады. Бұл ретте Ұжымдық Қауіпсіздік шарт Ұйымы Бас хатшысының бітімгершілік мәселелері жөніндегі арнайы өкілінің қызметі зор рөл атқарады.

ҰҚШҰ жұмысындағы тағы бір басым бағыт – халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл бағытындағы ынтымақтастықты дамыту. Мемлекет басшысының айтуынша, ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің терроризмге қарсы қызметіне, төтенше жағдайлардың алдын алу және оның салдарын жою мәселелері бойынша ынтымақтастықты нығайтуға жіті назар аударылады. Сондай-ақ ұйым ақпараттық технология саласындағы қылмыстарға және есірткі мен психотропты заттардың заңсыз айналымына да қарсы күрес жүргізуі тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының  Президенті:
-
ҰҚШҰ-ға мүше елдердің кеңістігін осы қауіпті заттың енуінен қорғау үшін бірлескен іс-шаралардың тиімділігін арттыру қажет. Жұмыс ретін барлық өзекті факторды, соның ішінде синтетикалық есірткінің таралу аясы кеңейе түскенін ескере  отырып ұйымдастыру керек. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жүргізетін құзыретті органдар жетекшілерінен құралған Үйлестіру кеңесі сияқты механизм маңызды рөл атқарады.

Айта кетейік, сессия қорытындысы бойынша 15 құжатқа қол қойылды. Бұл ҰҚШҰ декларациясы, ұйымның дағдарыстық жағдайларға әрекет ету туралы шешім жобасы, Ұйымның бірлескен баспасөз орталығы туралы ереже және 2024 жылдың соңында Астанада келесі сессияны өткізу туралы хаттама.