Қазақстан Президенті Түрікменстан Президентімен кездесу өткізді

Қазақстан Президенті Түрікменстан Президентімен кездесу өткізді

Қазақстан мен Түрікменстан президенттері сауда-экономикалық, энергетикалық, мұнай-газ және көлік-логистикалық салалардағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев біздің республикамызға Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік кездесуіне қатысу үшін келген Сердар Бердімұхамедовпен келіссөздер жүргізді. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы көпжоспарлы серіктестікті одан әрі ілгерілету тұрғысынан сапардың маңыздылығын атап өтті. 

 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

 

– Қазақ-түрікмен қарым-қатынасы табысты дамып келеді. Сондай-ақ стратегиялық әріптестік сипатына толық сай. Көпқырлы мемлекетаралық байланыстарымызға қолдау көрсеткеніңіз және оны үнемі нығайтуға атсалысқаныңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Бұған дейін айтқанымдай, экономикалық ынтымақтастығымыздың деңгейі жоғары. Үкіметтер өзара сауда көлемін 1 миллиард долларға жеткізу үшін жұмыс істеп жатыр. Бұған елдеріміздің барлық мүмкіндігі бар.  

 

Өз кезегінде Түрікменстан басшысы екіжақты өзара іс-қимылдың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. 

 

Сердар Бердімұхамедов, Түрікменстан Президенті: 

 

– Түрікменстан Қазақстанмен ынтымақтастыққа баса мән береді. Елдеріміз арасында белсенді саяси диалог орнаған. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстар жандануда. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз биыл күзде Түрікменстанға ресми сапармен келесіз деп күтемін.