Астанада ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы өтті. Жиынға Қазақстан Президенті, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, салалық қауымдастықтардың өкілдері, инвесторлар, сала ардагерлері мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев диқандар, мал шаруашылығы мамандары мен жалпы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Ол соңғы он жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5 еседен астам өсіп 8,3 трлн теңгеге дейін көбейгенін атап өтті. Мемлекет басшысы 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті тағы 2 есе арттыру керектігін алға тартты. Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі рейтингі бойынша 32-ші орында тұр. Бұнымен тоқталып қалуға болмайды. Қасым-Жомарт Тоқаев саланың әлеуетін толық пайдалануға шақырды. Ол үшін мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетілуде.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Агросекторда заманауи су үнемдеу технологиялары енгізіліп, суды көп қажет ететін дақылдар алқабы азайтылуда. Бұл үлкен жұмыстың басы ғана. Сарапшылардың есебінше, алдағы үш жылда су үнемдеуші технологиялар кемінде бір миллион гектарды қамтитын деңгейге жетеді. Цифрлық шешімдерді енгізу және жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңін қатаң бақылауға алу арқылы су инфрақұрылымын жаңғыртуды жеделдеткен жөн.
Қасым-Жомарт Тоқаев мал шаруашылығының әлеуетін де атап өтті. Салада қаржыландырудың нақты тетіктері - жайылымдарды сумен жабдықтауға, бордақылау алаңдарын салуға және асыл тұқымды мал алуға арналған субсидиялар жұмыс істейді. Тек өткен жылы ғана оған 60 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Мал шаруашылығы саласындағы бизнесті қолдау жоспары мал басын көбейтуге мүмкіндік береді. Ол келер жылы қабылданбақ. Бұл Қазақстанға халықаралық нарықтарға ірі ет жеткізуші ел атануына кепілдік береді. Президент ауыл шаруашылығын цифрландырудың маңыздылығына да тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінде көптеген шаруалар технологиялық жаңашылдықты смарт-ферма, агродрон, жер серігі технологиясы және ЖИ белсенді қолдана бастады. Бірақ жалпы ел көлемінде қандай да бір жүйелі өзгерістер болып жатыр деп айтуға әлі ерте. Жекелеген «ақылды» шешімдерден толық цифрландырылған агроөндіріске көшу керек. Жинақталған мәліметтер агросектордағы цифрлық жүйелерді одан әрі дамыту мен жаңғыртуға негіз болады.
Президент сондай-ақ салаға шетелдік инвесторларды тарту
жөніндегі жұмысты жеделдетуге шақырды. Бүгінгі таңда Үкімет құны 4 трлн теңге
болатын 200-ден астам инвестициялық жобаның тізімін жасады. Мемлекет басшысы
Qazaq Organicfood брендін халықаралық нарыққа шығаруды тапсырды. Жалпы, еліміз
құны 5 млрд доллардан астам агроөнеркәсіп кешені өнімдерін әлемнің 70 еліне
экспорттайды. Президент саланың 30 қызметкерін мемлекеттік наградалармен
марапаттады.

