Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынас барлық бағыт бойынша оң қарқынмен дамып келеді. Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев аталған елдің Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинмен кездесуде айтты. Қазақстан Президенті былтыр қол қойылған Одақтастық қатынастар туралы шарт Астана мен Душанбенің сан қырлы және табысты ынтымақтастығының маңызды кезеңі болғанын еске салды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтудың мәні зор екенін айтып, екі елдің арасында шешімін таппаған ешқандай мәселе жоқтығын тілге тиек етті. Өз кезегінде Тәжікстанның Сыртқы істер министрі тәуелсіздік жылдарында мемлекеттеріміз өзара тиімді ықпалдастық орнатқанын ерекше атап өтті. Әңгімелесу барысында тараптар бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелерін, өңірлік қауіпсіздік, су-энергетика саласындағы серіктестік, сонымен қатар Орталық Азияның орнықты дамуын қамтамасыз етуді көздейтін бірлескен шаралардың жай-күйін талқылады.

