Президентке жасанды интеллект саласындағы отандық өнімдер таныстырылды

Президентке жасанды интеллект саласындағы отандық өнімдер таныстырылды

Қазақстанды жасанды интеллектіні белсенді пайдалануға бағдарланған цифрлық мемлекетке айналдыру. Президент барған AIem.ai орталығының басты мақсаты осындай. Оның жанынан Tomorrow School және Tumo Education мектептері ашылады. Мұнда мыңнан астам оқушы бағдарламалау машықтарын, роботты техниканы және басқа да креативті технологияларға үйретіледі. Сондай-ақ, орталықта стартаптар мен IT-саласының зерттеулері кеңінен қолдау табады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа отандық компаниялардың озық әзірлемелері таныстырылды. Олардың арасында медицина бағытында және кен орындарының цифрлық төлнұсқасы, дрондарды басқару және KazLLM алғашқы қазақ тілі моделі секілді цифрлық шешімдер бар. Мемлекет басшысына шетелдік IT-бизнесті оқшаулау туралы да айтылды. Қазір әлемдік IT-индустрияның басқа да ірі корпорацияларымен келіссөздер жүргізілуде. Президент жасанды интеллект саласын дамытуға қатысты өз ойымен бөлісіп, Қазақстанның ІТ сектордағы әлеуеті зор екенін атап өтті. Сондай-ақ, елімізде білім мен инновацияға негізделген экономика құруды тапсырды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


- Технологиялық және экономикалық тұрғыдан озық ел болу үшін, ең алдымен, адам капиталы, цифрландыру және жасанды интеллект саласын дамытуға баса мән беру маңызды. Қазіргі заманда онсыз болмайды. Себебі қазір күллі әлем жұртшылығы цифрлық әлемде өмір сүріп жатыр деуге болады. Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллект технологиясының тиімділігі жыл өткен сайын арта түспек. Сондықтан алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Қазақстан Еуразиядағы аса ірі цифрлық хабқа айналуға тиіс. Цифрлық даму мәселесіне тың, жаңаша көзқараспен қарау қажет.


Мемлекет басшысы Ұлттық жасанды интеллект орталығына халықаралық мәртебе беріп, оны аймақтағы жасанды интеллектті дамытатын басты институтқа айналдыруды ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, алаң еліміздегі ең мықты мамандардың басын қосып, әлемнің түкпір-түкпірінен дарындыларды жинайды. Сонымен қатар, Президент институционалдық орта қалыптастыру маңызды деп санайды. Үкімет Жасанды интеллектті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдады. Мемлекет басшысы, сондай-ақ құрамына жетекші халықаралық сарапшылар кіретін Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңес құруды тапсырды. Бұл қадам біздің институционалдық ортаны үздік әлемдік стандарттармен үйлестіруге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев саланың инфрақұрылымын дамыту мәселелері жөнінде сөз қозғады. йткені ЖИ технологияларына заманауи есептеу қуаты керек. Үкіметке дата-орталықтар салу үшін ірі халықаралық компанияларды тартуға тиісті жағдай жасау тапсырылды. Тағы бір маңызды міндет – деректерді сапалы түрде цифрлық форматқа көшіру және жүйелеу.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


- Бұл салада тыңғылықты атқарылған істің бір мысалы – KazLLM тіл моделі. Біз жасанды интелектті қазақша ойлауға, сараптауға және сөйлеуге үйреттік. Бұл айтарлықтай жетістік қазақ тілін цифрлық ортада дамыту үшін зор мүмкіндік береді. Басталған үлкен істі жалғастыру керек. Алдымызда түрлі сипаттағы деректерді бір мезетте қолдана алатын Қазақ тілінің мультимодальды тілдік моделін жасау міндеті тұр. Үкіметке осы бағыттағы жобаларды қаржыландыру мәселесін пысықтауды тапсырамын.

Президент азаматтардың жасанды интеллект саласындағы сауатын ашып, біліктілігін арттыру қажет екеніне назар аударды. Алдағы 5 жыл ішінде 1 миллион адамды жасанды интеллект дағдыларына үйрету міндеті тұр. Бұдан басқа, Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке жасанды интеллекттің пайдасын Қазақстанның әрбір тұрғынына жеткізуді тапсырды. Оның не үшін қажет екенін, қалай дұрыс қолданылатынын ыждаһаттықпен түсіндірген жөн, - деді ол. Мемлекет басшысы Қазақстанның инновация мен озық технологияны дамыту ісінде көш бастауға мол мүмкіндігі бар екенін атап өтті. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?