Қазақстандағы Qarmet компаниясының жанынан ірі металлургиялық кластер құрылып жатыр. Бұл шағын және орта кәсіпорындардың шикізатты терең өңдеумен айналысуына мүмкіндік береді. Бағдарлама «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингімен бірге іске асырылмақ. Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев пен кездесуде компанияның директорлар кеңесінің төрағасы мәлімдеді. Сонымен қатар, Андрей Лаврентьев 9 ірі инвестициялық жобаны қамтытын кешенді бағдарламаны жүзеге асыру жайында да баяндады. Бұл бастама еліміздегі болат өндірісін жүйелеп, металл прокаты импортын төмендетуді көздейді. Бұдан бөлек, болаттың жоғары сапалы жаңа маркаларын, соның ішінде атом электр станциясының құрылысына арналған өнім шығару жолға қойыла бастады. Жалпы компания қызметінде тың қарқын байқалады. Екі жылда болат өндірісі 22%, көмір концентраты 26%, темір кені 32% артты. Өнімнің өзіндік құны 28% арзандап, шығарылатын маркалардың түрі 260-тан 350-ге дейін ұлғайды. Мемлекет басшысы Qarmet металлургия кешенінде атқарылған жұмысқа оң бағасын беріп, даму жоспарына қолдау білдірді.

