Қазақстан Президенті Парламент жұмысын қорытындылады

Қазақстан Президенті Парламент жұмысын қорытындылады

Ертең, яғни 1 шілде күні Қазақстанның жаңа Конституциясы заңды күшіне енеді. Ұлт заңымен қатар, мемлекеттік билік жүйесі де түбегейлі жаңа сипатқа ие болмақ. Қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында осылай деп мәлімдеді. Ол осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын елімізде тұңғыш кәсіби Парламент құрылғанын еске салды. Осы уақыт ішінде 3,5 мыңға жуық аса қажетті заң қабылданды. Ал әрбір оныншы заңға депутаттар бастамашы болды. Мемлекет басшысы елге мінсіз әрі адал қызмет еткені үшін барлық шақырылымдағы Мәжіліс пен Сенат депутаттарына шынайы ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздер жалпыхалықтық референдумда Ата заңымыз қабылданған соң мемлекетіміздің құқықтық жүйесін жедел әрі сапалы жаңарту жұмысын жүргіздіңіздер. Өте қысқа мерзімде еліміздің заңнамасын жаңа Конституция нормаларына сай өзгерту жұмысын атқардыңыздар. Атап айтқанда, Парламент 9 заң топтамасын, соның ішінде 6 конституциялық заңды шұғыл әзірлеп, қабылдады.

Осы тұста Мемлекет басшысы елдің алдағы даму жоспарын айқындап алу қажет екенін алға тартты. Бұл ретте мемлекеттік биліктің жаңа құрылымын қалыптастыру негізгі басымдықтардың бірі болмақ. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экономикасын жаңа үлгіге көшіру үшін жаңа көзқарас, жаңа ұстаным қажет екенін атап өтті. Бұдан бөлек, ол еліміздің энергетикалық және инфрақұрылымдық негізін нығайту, сонымен қатар алдымызда толыққанды цифрлық мемлекет құру және адам капиталын дамыту міндеті тұрғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Құрылтай басты заң шығарушы орган ретінде барлық бағыт бойынша сабақтастықты және институционалдық дәстүрді сақтап, жылдар бойы қалыптасқан бірегей парламенттік мәдениетті жоғалтпай, оны одан әрі дамытуға баса мән беруге тиіс. Бір палаталы өкілді орган өзінің заңнамалық миссиясын табысты орындай отырып, қоғамда Заң мен тәртіп, еңбексүйгіштік, тазалық, қоршаған ортаны қорғау сынды мызғымас құндылықтарды орнықтыра түсуге барынша ықпал етеді деп сенемін. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?