Қазақстан мен Қытай бизнес өкілдері құны 100 млн доллларға жуықтайтын экспорттық келісімге уағдаласты. Құжаттарға Сиань қаласында қол қойылды. Сарапшылар бұл екі ел арасындағы ынтымақтастыққа серпін беріп, отандық тауар өндірушілерге жаңа мүмкіндіктер ашады деп отыр. Сонымен қатар, «Цзянсу - Орталық Азиядағы көпфункционалды кешенінің» іскерлік байланысын кеңейтуге ықпал етеді. Оны Астанада салу жоспарланып отыр.
Елжан Коржеубаев, ҚР Сауда және интеграция министрлігі Экспортты ілгерілету департаментінің бас сарапшысы:
- «Ол тауарайналым көлемін ұлғайту бағытында отандық бизнес үшін үлкен платформаға айналады. Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық пен ынтымақтастықты нығайтады. Көпсалалы нысанда сауда орталықтары болады. Сонымен қатар, бизнес өкілдері үшін келіссөздер жүргізуге тиімді алаңдар жасақталады».
Қытай кәсіпкерлері Атырау облысына тағы 100 млн доллар инвестиция құюға мүдделі. Өңірде жеке меншік арнайы экономикалық аймақ немесе индустриалдық парк құрылуы мүмкін. Бұл жобаға аспан асты елінен 7 ірі компания қызығушылық танытып отыр. Олардың арасында мұнай-химия, жаңартылған энергия көзі, құрылыс материалдары мен қалдық өңдеу саласындағы көшбасшылар бар.
Елжан Коржеубаев, ҚР Сауда және интеграция министрлігі Экспортты ілгерілету департаментінің бас сарапшысы:
– «Аталған парк жоғарғы технологиялық өндіріс ошағы болады. Экологиялық таза бағытта жұмыс істейді. Бұл жобалардың барлығы шетелдік инвестиция арқылы жүзеге асырылады.
Айта кетейік, Қазақстан мен Қытай арасындағы тауарайналым өткен жылдың
қорытындысы бойынша 44 млрд долларға жетті. Тараптар қазір бұл көрсеткішті
еселеп, 80 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр.

