Келесі жылы мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы, ақын Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығы, актриса Бикен Римованың 100 жылдығы ТҮРКСОЙ ұйымы деңгейінде аталып өтеді. Бұл туралы ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің кезекті отырысында белгілі болды. 2023 жыл түркі әлемінде Темірбек Жүргенов жылы болып жарияланды. Қазақ мәдениетіне, әдебиеті және өнер саласына айтарлықтай үлес қосқан тұлғаның 125 жылдығы бауырлас түркі әлемінде кеңінен тойланбақ. Мәдениет және спорт министрлігі ТҮРКСОЙ-ға мүше мемлекеттермен осындай келісімге келді.
Роза Кәрібжанова, Мәдениет және спорт министрлігінің мәдениет комитетінің төрағасы:
Қазақстанның атынан көрнекті мемлекет қайраткері, Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығын насихаттау туралы ұсыныс бердік. Сонымен қатар, актриса Рима Бекенованың және Жазушы Зафер Алимбаевтың 100 жылдығын түркі тілдес елдерде кеңінен насихаттау жөнінде ұсынысымызды бердік. Бұл ұсыныс қабылданады деп сенімдеміз. Жалпы ТҮРКСОЙ аясында Қазақстан турақты мүшесі ретінде көптеген шара өткізеді. ТҮРКСОЙ ұйымының бізге берген ұсыныстары немесе біздің ТҮРКСОЙ аясында берген ұсыныстарымыз міндетті түрде қабылданады. Бұл жылдар бойы қалыптасқан жұмыс.
Келелі жиында күллі түркі жұртына қатысты бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының 30 жылдығы әлемдік деңгейде тойланып, бірнеше бағыттағы жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Ал Әзербайжанның Шуша қаласы 2023 жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы болып бекітілді.
Сұлтан Раев, халықаралық Түрксой ұйымы бас хатшысы:
Түркі әлеміне қатысты бірқатар маңызды шешімдер қабылдадық. Түркменстанның Аннау шаһары 2024 жылы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Сондай- ақ, 2024 жылды Түркімен әдебиетінің классигі, ғұлама философ, ғалым Мақтымқұлы Фрағи жылы деп бекіттік. Бұдан бөлек, халықтарымыздың мәдени материалдық емес мұрасының дәстүрлерін сақтауға бағытталған бірқатар жұмыстарды қолға аламыз.
Түбі бір түркі бауырларды біріктірген шара «Қорқыт ата» кинофестивалінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен аяқталды. Фестиваль 300-ден астам кино майталмандарының басын қосты. Көрермен қауым «Дос-Мұқасан», «Мұқағали» өмірбаяндық драмасын, «Ұлы Дала таңы» және «Ақ боз үй» тарихи таспаларын, «Еуразия билеушілері» деректі фильмін, «Мұзбалақ» анимациясы мен Қазақстан мен Татарстан бірлесіп шығарған «Тарлан» картинасын тамашалады.