Страсбургтегі Еуропа Кеңесінде бастау алған экспозициялық шеру кейін жергілікті университетке ығысты, бұдан соң Париждегі Қазақстан Елшілігі, Сенат пен Ренн-Алматыда да өнер сүйер қауым назарына ұсынылды.
Кәріпбек Күйіков, суретші:
- Біз осы тақырыпта үнсіз қалмауымыз керек, бұл бағытта әрі қарай не болады және кім бастайды деп немқұрайлық танытпау маңызды. Бұл зиянды істі қолдайтын адамдар бар. Бірақ біз оларға қарсы тұруымыз қажет. Мен санасы бар кез-келген адам осындай қауіпті көрсе оның алдын алу үшін барынша әрекет етуі тиіс деп санаймын.
Францияда Семей сынақ полигонынмен байланысты Кәріпбектің жеке тарихы ешкімді бей-жай қалдырмады. Оның еңбектерінде бірегей бейнелеу мәнерінде орындалған қолтаңбасымен қатар, жер бетіндегі адамзаттың бейбіт тірлігіне алаңдайтын жан дүниесінің сырын айқын көруге болады.
Пьер Лоран сенатор:
– Мен осы іс-шараны ядролық қарусыздану бағытында жылдар бойы талмай күресіп жүрген қазақ досымызбен бірге қабылдағанымды ерекше мақтан тұтамын. Себебі бізде Францияда ядролық қарусыздану туралы шартқа қол қою үшін күресіп жүрміз. Бұл игі қозғалысты қолдау үшін жақын арада Сенаттың парламенттік желісін, Ұлттық Ассамблеяны, Еуропа Парламентін түрлі саяси ағымдардан құруға кірісетін боламыз.
Ролан Ниве, Бейбітшілік қозғалысының бас хатшысы:
– Біз осы табысты әріптестігіміздің үзілмей жалғасуын қалаймыз. Кәріпбектің ерекше туындыларын өзіміздің сандық галереямызда немесе бейбітшілік қозғалысының сауда орнында суретшінің пайдасына өткізетін боламыз. Мақсат - оның жаһандық деңгейде көтерген ісіне өз септігімізді тигізу.
Айта кетейік, Кәріпбек Күйіковтың картиналары Швейцария, АҚШ, Австрия және Жапония сынды елдерде қойылып, төрткүл дүниені шарлап жүр.