Қазақстан мен Түркия өзара әріптестігін нығайтады

Қазақстан мен Түркия өзара әріптестігін нығайтады

Қазақстан мен Түркия әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік пен персоналды транзиттеу туралы уағдаласты. Бүгін Қазақстан Парламентінің Мәжілісі тиісті келісімді ратификациялады. Аталған құжат рұқсат беру және ұшуды үйлестіру тетіктерін және тасымалдарды орындау тәртібін реттейді. Яғни, келісім қос тараптың өзара іс-қимылын оңтайландырып, әуе тасымалдарының жеделдігін арттырады. Осылайша, елдердің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығын күшейтеді деп күтілуде.

Асқар Мұстабеков, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:

- Бұл ретте, әрбір мемлекет транзитке кез келген рұқсат беру туралы сұрау салудан бас тарту, сондай-ақ егер Тараптардың бірі әскери мүлік пен персоналдың сұралатын транзиті осы Келісімнің ережелеріне сәйкес келмейді немесе ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп есептесе, берілген рұқсаттың қолданылуын тоқтата тұру немесе қайтарып алу құқығын өзіне қалдырады. 

Мемлекеттік қызметке үміткерлер цифрлық форматта іріктеледі

Сондай-ақ Мәжіліс екінші оқылымда жаңа редакцияда мемлекеттік қызметі жаңғыртуға  бағытталған заңды қабылдады. Енгізілген өзгерістерге сай енді мемлекеттік қызметке үміткерлерді толығымен цифрлық форматта «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы іріктеу жоспарланған. Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасымен әзірленген құжатта мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар айқындалды. Олардың ішінде патриотизм, кәсібилік, ашықтық, әдептілік және мінсіз бедел қамтылады. Сондай-ақ жаңарған заңда мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру көзделген. Атап айтқанда - жалақыны индекстеу, өтемақылар мен әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған. Бұған қоса, мемлекеттік қызметке түсуге дайындық институты енгізілмек.

Марат Башимов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Түзетулердің жекелеген блогы заң жобасының ережелерін Қазақстан Республикасының жаңартылған конституциясына сәйкес келтіруге байланысты. Олар құқықтық жүйенiң үйлесiмдiлiгiн және конституциялық нормалардың үстемдiгiн қамтамасыз етедi. Заң жобасының ережелерін іске асыру мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыруға, мемлекеттік басқарудың сапасын жақсартуға және қоғамның мемлекеттік институттарға сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?