Qazaq Air әуе компаниясының атауы VietJet Kazakhstan боп өзгереді. Бұл туралы Қазақстан-Вьетнам іскерлік дөңгелек үстелінде белгілі болды. Еске салайық былтыр ветнамдық инвестормен аталған отандық әуе компанияны сатып алу туралы меморандумға қол қойылған. Бүгінгі таңда келісімнің барлық шарттары орындалды. Бұл стратегиялық әріптестік аясында жергілікті әуе паркі жаңартылып, әуе тасымалы кеңейтілмек.
Ермек Көшербаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Бұл өте ауқымды сала және Қазақстан халықаралық әуехабты дамытуға дайын. Біз «Qazaq Air» әуекомпаниясын сатып алу мәмілесін аяқтап жатқан Sovico Group компаниясымен ынтымақтастыққа ерекше мән береміз. Бұл ұшақтар паркін ұлғайтуға және заманауи логистикалық хабтар салуға мүмкіндік береді.
Қазақстан - Орталық Азиядағы транзиттік хаб ретінде Вьетнам үшін Шығыс пен Батысты жалғайтын маңызды көпірге айналып келеді. Өз кезегінде еліміз үшін бұл - ASEAN нарығына жол. Сондықтан өзара алыс-берісті оңтайландыратын жолдар қажет. Оның тың әдісі - бірлескен кәсіпорындар құру. Айта кетейік, бүгінде еліміздің аумағында Вьетнам капиталымен 13 компания жұмыс істейді.
Аблахат Кебиров, Вьетнамдық компанияның Қазақстан мен Орталық Азиядағы жобалар жетекшісі:
- Бұл - Вьетнамдағы ең ірі құрылыс компаниясы. Біздің жоспарымыз - заманауи құрылыс қызметтерін Қазақстан және Орталық Азия нарығына шығару. Бұл нарық біз үшін өте қызықты. Сондықтан Қазақстанда өз өндірісімізді іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оның аясында құрылыс саласындағы күрделі жобалар жүзеге асып, озық технологиялар ендірілетін болады. Кәсіби мамандар даярлау жағын да қолға алмақпыз.
Тараптар агроөндірістік кешен мен тамақ өнеркәсібінде де
ынтымақтастық аясын кеңейтуге мүдделі. IT саласындағы көшбасшы ретінде Вьетнам
цифрлық мемлекеттік қызметтерді дамыту, технологиялармен алмасу және жасанды
интеллект енгізу бағытында стратегиялық серіктес болуға ниетті. Сондай-ақ, Қазақтанда
көпбейінді туристік кешен салу жөнінде келісім жасалды.

