Астанада Арал теңізін құтқару жөніндегі құжаттарға қол қойылды

Астанада Арал теңізін құтқару жөніндегі құжаттарға қол қойылды

Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтті. Президент Халықаралық Аралды құтқару қоры Орталық Азиядағы су шаруашылығы мен экологиялық мәселелердің шешімін табу үшін өңірдегі мемлекеттердің күш-жігерін ортақ арнаға ұйыстыратын бірден-бір институционалдық платформа екеніне тоқталды. Арал мәселесі жаһандық сипатқа ие. Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Аралдың экожүйесін қалпына келтіру бойынша бірлескен күш-жігердің арқасында оң нәтижеге қол жеткізілгеніне мән берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Теңіздегі су көлемінің 18,9-дан 23,5 текше шақырымға дейін ұлғаюы Арал маңындағы балық шаруашылығына, жалпы әлеуметтік-экономикалық ахуалға жағымды әсер етті. «Арал» геопаркі құрылды. Бұл – аумақтың орнықты даму үлгісі бола алатын бірегей табиғи әрі ғылыми нысан. Жобаның басты мақсаты – Арал теңізінің табиғи-экологиялық және тарихи мұрасын сақтау. Қазіргі уақытта оны ЮНЕСКО геопарктері жаһандық желісінің нысандары қатарына қосу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Осылайша, Қазақстанның төрағалығы Қордың тиімділігін көтеруге бағытталды.

Алайда әзірге экологиялық қатерлердің өсу қарқыны қабылданған шаралардан асып түсуде. Жаз айларында құрғақшылық күшейіп, мұздықтардың еруі артып келеді, сондай-ақ құмды дауыл жиіледі. Жыл сайын ондаған миллион тонна тұз, құм, түрлі химиялық заттар атмосфераға көтеріледі. Аталған сын-қатерлердің  күшейе түсуі Қор жұмысының тетіктерін жаңартуды және су саласындағы өңірлік ынтымақтастықты тереңдетуді талап етеді, деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент Сырдария мен Әмудария бассейндерінде мониторингтеудің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін енгізуді ұсынды. Бұл тетік деректердің ашықтығы мен нақтылығын қамтамасыз етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария бассейніндегі он учаскені автоматтандыруға кірісті. Осы тәжірибені Арал теңізіндегі барлық бассейнге енгізуге болар еді. Қорды институционалдық тұрғыдан одан әрі дамыту мәселесі өзекті. Бұл үдеріс біршама созылып кетті деп ойлаймын. Кезек күттірмейтін міндеттің бірі – Мемлекетаралық энергетика комиссиясын құруды аяқтау. Елдерімізді тұрақты әрі сенімді түрде сумен қамту бойынша энергетика саласындағы іс-қимылды үйлестірудің маңызы зор екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр.

Қор Арал теңізін құтқаруға бағытталған қолдау шараларын шоғырландыруда. Осылайша, халықаралық ұйымдардың қатысуымен 30 аса өңірлік жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастамаларды қаржыландырудың жалпы көлемі 2 млрд доллардан асады. Бірақ бұнымен тоқтауға болмайды. Қазақстан Президенті осы бағытта да бірлескен жұмысты күшейтудің маңызын атап өтті. Отырыста Орталық Азия елдерінің көшбасшылары да өз ұсыныстарын жеткізді. Жалпы Саммит қорытындысы бойынша 4 құжат қабылданды. Олардың қатарында 26 наурызды Арал теңізінің, Әмудария мен Сырдария өзендерінің халықаралық күні деп жариялау жөніндегі Мемлекеттер басшыларының шешімі бар. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?