Қазақстан мен Ресей өзара тауар айналымын 30 млрд
долларға дейін ұлғайтуға ниетті. Ол үшін барлық мүмкіндіктер бар. Өткен жылы екі
ел арасындағы сауда 28 млрд-қа жетті, ал 2025 жылдың бес айында 9 жарым млрд
доллардан асты. Бұл туралы еліміздің Премьер-Министрі Олжас Бектенов пен Ресей
Федерациясы үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин Астанада өткен кездесуде
мәлімдеді. Тараптар бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді
іске асыру, сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды
дамыту мәселелерін талқылады. Келіссөздер барысында олар екі ел арасындағы
қарым-қатынастың стратегиялық серіктестік пен одақтастық бастамаларға
негізделгенін атап өтті. Сонымен қатар, тараптар Қазақстан мен Ресейдің XXI
өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық барысына ерекше назар аударды. Шара
биыл күзде Орал қаласында өтеді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі ел
арасындағы барлық басым бағыттар бойынша өзара тиімді экономикалық
ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екендіктерін растады.

