Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығы Қазақстанмен ынтымақтастық аясын кеңейтуге ниетті. Бұл жөнінде Ақордада айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев IАСА президенті Памела Харристі қабылдады. Кездесуде сот төрелігі жүйесін реформалаудың негізгі аспектілері қарастырылды. Бұдан бөлек, сот органдары арасындағы өзара ықпалдастықты кеңейтуге, сот өндірісінде цифрлық шешімдерді және жасанды интеллектіні қолданудың әлеуетіне баса назар аударылды. Халықаралық қауымдастықтың жетекшісі Қазақстанда жүргізіліп жатқан құқықтық реформаларды жоғары бағалайтынын жеткізді. Оның пікірінше, сот әкімшілігі мен Жоғарғы соттың функцияларын бөлу әлемдік тәжірибедегі анағұрлым тиімді шешімдердің бірі. Қазақстан Президенті құқықтық мемлекет құруда заң үстемдігін қамтамасыз ету мен сот жүйесін реформалаудың шешуші мәнге ие екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт
Тоқаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
- Біз «Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыруға бағытталған
өте маңызды реформаларды қолға алдық. Заң үстемдігі қоғамға дендеп енуге тиіс
деп санаймыз. Менің ойымша, бұл еліміздің тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуі үшін
өте өзекті. Сондықтан, Халықаралық қауымдастық Қазақстанмен, еліміздің сот
жүйесімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі керек.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

