Қазақстан Премьер-Министрінің Жетісу облысына жұмыс сапары

Қазақстан Премьер-Министрінің Жетісу облысына жұмыс сапары

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Жетісу облысына 137 млрд теңге инвестиция тартылды. Ал, жыл соңына дейін мұнда 375 млрд теңге капитал жұмсау жоспарланған. Премьер-Министр Олжас Бектенов жұмыс сапары аясында 6 айдың қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты. Мәселен, сауда көлемі 23%, құрылыс жұмыстары 34%, байланыс 7,5% ұлғайды. Жалпы өңірдің әлеуеті агроөнеркәсіптік кешен, өңдеуші өнеркәсіп және логистикадан тұрады. Үкімет басшысы биыл өңірде салаларды қаржыландыру өскенін атап өтті. Атап айтқанда, 23 млрд теңге АӨК саласына шағын және орта бизнес несиелері бойынша субсидиялауға бағытталды. Бейінді ведомство мен әкімдікке ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу секторын дамытуға ерекше көңіл бөлу тапсырылды. Инвестициялық жобаларға келетін болсақ, биыл Жетісу облысында 58 бастаманы жүзеге асыру жоспарланған. Айта кетейік, бүгінде өңірде бес жүзден астам өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді.