Шетелдік сарапшылар Қазақстан Президенті Жолдауында ұсынған бір палаталы
Парламентке көшуді елдің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған басымдықтардың
жалғасы екенін айтады. Мәселен, «Diplomatic World» беделді халықаралық
басылымының жобалық директоры Альберто Туркстра бір палаталы Парламентке көшу
Қазақстандағы саяси реформалардың шарықтау шегі болады дейді. Оның айтуынша,
бұл формат заң шығару процесін жеделдетеді және оны ашық етеді. Мысал ретінде
ол Жаңа Зеландия тәжірибесін келтірді. Ол елде бұрын екі палата болған, бірақ
елуінші жылдардың басында заң шығару кеңесі, яғни жоғарғы палата таратылған. 70
жылдан астам уақыт бойы Жаңа Зеландия Парламенті бір палаталы болып келеді.
Реформа азаматтар үшін басқару жүйесін түсінікті етті. Өйткені барлық
жауапкершілік бір органға жүктелген.
Альберто Туркстра, «Diplomatic World» журналының жобалық директоры, Бельгия:
- Мұның бәрі Қазақстан соңғы жылдары жүргізген реформаларға негізделген.
Саяси партияларды тіркеу жеңілдетілді, бюрократиялық кедергілер қысқартылды.
Бұл прогресті біз Қазақстанда конституциялық соттың жандануымен, шешім
қабылдаудағы азаматтық қоғамның рөлін күшейтуден көріп отырмыз. Мұндай
өзгерістер бір палаталы Парламентке көшумен аяқталатын табиғи процесс.

