Ол аймақ елдері ширек ғасырдан сәл астам уақыттан кейін күрделі климаттық өзгерістерге тап болуы мүмкін екенін атап өтті. Салдары бұл елдерде жер деградациясы мен су тапшылығының туындауына әкеп соғады. Президенттің айтуынша, шараларды біріктіру мен мемлекеттер арасындағы тығыз ынтымақтастық қана айтылған мәселелерді шеше алады. Осы мақсатта Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін құруды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Су ресурстарының жетіспеушілігі шын мәнінде алаңдатады. Орталық Азиядағы қуаңшылық пен су тасқынынан келетін шығын жалпы ішкі өнімнің 1,3 пайызы деңгейінде деп бағаланады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі 30 процентке дейін кеміп, 2050 жылға дейін 5 миллионға жуық ішкі климаттық мигранттың пайда болуына әкеп соқтырады. Біздегі мұздықтардың көлемі қазір 30 процентке қысқарды. Аймақтағы екі үлкен өзен Сырдария мен Әмудариядағы су деңгейі 2050 жылға қарай 15 пайызға түседі. Біз аймақтағы экологиялық апаттың алдын алу үшін Халықаралық Аралды қорғау қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз.
Қ.ТОҚАЕВ: ҚАЗАҚСТАН ЕЛДЕР ҮШІН ЖАҺАНДЫҚ СЕНІМДІ СЕРІКТЕС
Мемлекет басшысы өз сөзінде қатысушыларды іскерлік және экономикалық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін бірігіп шешуге шақырды. Президент бүгінгі таңда Қазақстанның неліктен өзге елдер үшін сенімді және жаһандық серіктес болып қала беретініне нақты мысалдар келтірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Қытайды Еуропалық Одақпен байланыстыратын орта дәліз немесе Транскаспий халықаралық көлік бағыты сауда мен инвестиция үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл бағыт тауарды Үнді мұхиты арқылы тасымалдау мерзімін екі есе қысқартады. Сонымен қатар экономикалық дамуға және өңірішілік бірігуге ықпал ететін «Бір белдеу, бір жол» бастамасында Қазақстан басты рөл атқаратынын атап өткім келеді.
Айта кетейік, АҚШ Сауда палатасының аға вице-президенті Хуш Чоксидің айтуынша, америкалық компаниялардың Қазақстанға қызығушылығы артып келеді. Биыл форумға қатысушы құрама штаттар делегациясында агроөнеркәсіптік кешен, цифрлық сектор, мұнай өнеркәсібі және венчурлық бизнес сияқты салалардағы 20 компания мен 40 бизнес көшбасшысы бар.
Хуш Чокси, АҚШ сауда палатасының аға вице-президенті:
- Менің ойымша, форум АҚШ Сауда палатасының көптеген компанияларына түрлі салаларда өз мүмкіндіктерін пайдалануға жол ашады. Форум алаңы Қазақстандағы бизнес мүмкіндіктер мен инвестиция тұрғысынан біздің көзқарасымызды қайта қарау үшін тамаша мүмкіндік береді деп ойлаймын. Форум халықаралық сипатқа ие, сонымен бірге пікір алмасуда пайдасы мол. Менің ойымша, Қазақстан Үкіметі инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін барлық қадамдарды жасауда.
Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:
- Дәстүрлі түрде форум кәсіпкерлік қызметті жандандыруға мүмкіндік береді, біз жаңа жобаларды талқылаймыз, ұзақ мерзімді жоспарларды қарастырамыз. Сондай-ақ дәстүрлі түрде мұндай форумдардың пайдасы да мол. Біз әлемнің барлық елдерімен, Еуропалық Одақпен, Қытай Халық Республикасымен, АҚШ-пен, Ресей Федерациясымен, бізбен ынтымақтасатын барлық елдермен келіссөздер жасасуға әрдайым дайынбыз.
Айта кетейік, елордада өтетін халықаралық форум аясында бірқатар келісімдерге қол қойылады деп күтілуде. Олар бизнестегі ынтымақтастық, ғылым, технология алмасу және әртүрлі салалардағы тәжірибе алмасуға бағытталған.
Әсел Күшенғалиева