Қазақстан мен Әзербайжанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды

Қазақстан мен Әзербайжанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды

Қазақстан мен Әзербайжанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің қорытындысы бойынша 14 шартқа қол қойылды. Тараптар телекоммуникация, көлік және логистика, сауда және экономика, энергетика, мәдениет, сондай-ақ қазақстандық мұнай экспортын 50% ұлғайту сияқты салаларда сөз байласты.

Бүгінде Транскаспий халықаралық көлік бағытының арқасында қазақстандық «қара» алтынды тасымалдау 1,5 млн тоннаға жетті. Дегенмен Президент екі елдің әлеуетін ескере отырып Транскаспий тамырын кеңейтіп, тасымалды үдетуді тапсырды. Ал «Орта» дәліз бойынша жүк тасымалдау 65% артқан.

Сандарды сөйлетсек, 2022 жылы бұл көрсеткіш 1,7 млн тонна болса, өткен жылдың қорытындысы бойынша тағы 1 млн тоннаға артық жүк тасымалданды. Сондай-ақ қазақстандық терминалдың ашылуы мен ақпан айында «Қытай-Қазақстан-Әзербайжан» бағытындағы бірінші контейнерлік блок-пойыздың іске қосылуы Транскаспий маршрутына серпін береді.

Сиань қаласынан Апшеронға келген контейнерлі пойызды екі ел президенттері телекөпір режимінде қарсы алды. Мемлекет басшысы қазіргі жаһандық геосаяси тұрақсыздық жағдайында Еуразияның жаңа көлік-логистика жүйесі құрылып жатқанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз бүгін бүкіл әлемде ресурстардан бөлек, көлік-логистика саласындағы мүмкіндіктерге қол жеткізу үшін бәсекелестік күшейіп келе жатқаны туралы айттық. Бұл – стратегиялық сала. Қазақстан да, Әзербайжан да сенімді серіктестер ретінде бұл бағытта тығыз қарым-қатынас жасап жатқаны қуантады. Сиань портынан Қазақстан аумағы арқылы Әзербайжанға дейінгі теміржол бағдарын ашудың өзі көп нәрсені аңғартады. Бұл, шын мәнінде, өте маңызды шара. Біз цифрландыру, жасанды интеллект жүйесін құру, Каспий теңізінің табаны арқылы оптикалық-талшықты байланыс желісін тарту бағыттарында күш-жігер біріктіру туралы пікірлестік.  Мұның бәрі – бірегей жобалар.

Президент Әзербайжанды Қазақстанның стратегиялық серіктесі ретінде атап өтіп, БАҚ өкілдеріне арналған брифингте бауырлас мемлекетке жасаған сапарының мән-маңызына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұл мемлекеттік сапар елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту тұрғысынан өте маңызды. Менімен бірге үлкен делегация келді. Бұл бауырлас Әзербайжан еліне жоспарланған осы мемлекеттік сапарға мейлінше тыңғылықты дайындалғанымызды білдіреді. Бүгін біз тиісті құжаттар мен келісімдерге қол қою рәсіміне қатыстық. Ең бастысы, арадағы келісімге сәйкес, екі ел үкіметтері мен басқа да салалық ведомстволар жоғары деңгейдегі кездесулер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды толыққанды жүзеге асыруға бар күш-жігерін жұмсайды.

Қос тарап көшбасшылары келіссөздер барысында көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін атап өтті. Президент Қазақстан мен Әзербайжанның БҰҰ, ТМҰ (Түркі мемлекеттері ұйымы), ЕҚЫҰ (Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы) және тағы да басқа аса маңызды халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығына айрықша тоқтала кетті. Бұл халықаралық деңгейдегі ынтымақтастық одан әрі жалғасады.