Қазақстан мен Түркия арасында болашақта сауда-саттық байланыс орнауы мүмкін. Бұл туралы Стамбул қаласы, Малтепе ауданының әкімінің орынбасары Джанан Дөнер арна тілшісіне берген арнайы сұхбатында мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан Түркияның сенімді стратегиялық серіктесі. Сондықтан алдағы уақытта екі жақты қарым-қатынасты түрлі салада дамыта түсуге қос тарап та мүдделі.
Айта кетейік, екі елдің дипломатиялық қарымқатынасына биыл 29 жыл толып отыр.
Джанан Дөнер, Стамбул қаласы, Малтепе ауданы әкімінің орынбасары/Түркия:
- Біздің Малтепе ауданының әкімі Қазақстан мен Түркия арасындағы кез келген байланысты қуана қолдайды. Біз әсіресе мәдениет саласында ынтымақтастығымызды арттырғымыз келеді. Себебі әр елдің тілі, діні әртүрлі бола береді, алайда мәдениет арқылы жақындасуға, дос болуға болады. Біз қандай сала болмасын, бауырлас елден ұсыныс келсе қолдауға дайынбыз. Сондай-ақ сауда саласында да біздің жоспарымыз бар. Сауда саттықты дамытуды көздейміз. Қазақстанның кез келген қаласымен бауырлас қала болуға дайынбыз. Алдағы уақытта достастығымыз арта түсеріне сенімім мол.
Сондай-ақ әкімнің орынбасары әңгіме барысында түркі тілдес елдердің ЮНЕСКО-сы атанып кеткен ТҮРКСОЙ ұйымымымен өзара достық қарым-қатынастың нығая түскенін атап өтті.
Айта кетейік, ТҮРКСОЙ ұйымы түркі тілдес халықтардың 30 жылдық тәуелсіздігіне орай 10 күндік мәдени іс-шара ұйымдастырды. Шараның шымылдығы халықаралық көрме төңірегінде Стамбул қаласының Малтепе ауданында түрілді.