Қазақстан Президенті Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте сөз сөйледі

Қазақстан Президенті Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте сөз сөйледі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысына жұмыс сапары Алатау қаласын дамыту жоспарымен танысудан басталды. Қазір аумағы 88 мың гектарды құрайтын қала 4 арнаулы бөлікке бөлінген. Шаһар 2050 жылға дейін кезең-кезеңімен дами береді. Мұнда жалпы құны 2 трлн теңгеден асатын 53 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Орталық Азиядағы картоп өңдейтін ең ірі зауыт, үй жануарларына арналған азық өндіретін, дәрі-дәрмек шығаратын кәсіпорындар салынып, логистикалық кластер құрылуда. Сондай-ақ, Мемлекет басшысына Алатаудағы көпфункциональды озық кешен жобасы таныстырылды.

Президент Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте бұл жобаның тұтас еліміз үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті. Қала бизнестің және инновацияның жаңа орталығы ретінде дамытылмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев Алатауды бірегей құқықтық мәртебесі бар «қарқынды дамитын қала» деп атауға болатынчын алға тартты. Оның сапалы дамуына жол ашатын құқықтық негіз толық қалыптасты. Салық жеңілдіктері ұсынылып, бизнес жүргізу үшін оңтайлы бола түсті. Негізгі қағидалары жаңа Конституцияға енгізілді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


- Арнаулы режим тиімді жұмыс істеуі үшін біртұтас заңнама жүйесі қажет.   Қаланың іскерлік белсенділігіне және күнделікті тіршілігіне қатысты мәселелерді реттейтін ашық, айқын әрі сапалы құқықтық негіз болуға тиіс.   Бұл жұмысты екі деңгейде атқару қажет. Біріншісі – негізгі қағидаларды белгілейтін конституциялық деңгей. Бұл мәселе өз шешімін тапты. Ал екіншісі – құқықтық реттеу деңгейі, яғни, экономикалық қызметтің әр саласы бойынша нақты заңнамалық тетіктер айқындалады.  


Alatau City үлкен деректер, озық технологиялар және «ақылды» басқару тетіктеріне негізделіп, инфрақұрылымы, қалалық сервистері мен экономикасы өзара байланысқан алғашқы толық цифрлық қала болады. Жоба айтарлықтай шығынды қажет етеді, тиісінше, тұрақты кіріс базасын қалыптастырған жөн. Алатауды дамыту жөніндегі кеңеске қала әкімшілігімен бірге ұзақмерзімді орнықты дамудың тиімді қаржы-экономикалық үлгісін әзірлеу тапсырылды. Сондай-ақ, қаланы стратегиялық жоспарлауға негіз болатын құжаттар бекітілуі тиіс. Инвесторлар мен азаматтар 10, 20 немесе 30 жылдан кейін Алатау қаласының қандай болатынын түсінуі қажет, деді Президент.


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


- Халықаралық танымал орталықтармен табысты бәсекеге түсу үшін Алатау қаласында цифрлық активтер операциясына және жергілікті юрисдикцияда капиталдың өсуіне нөлдік мөлшерлеме белгіленіп, тиісті құқықтық жағдай жасалуы қажет.   Экономиканың нақты секторларын, соның ішінде жылжымайтын мүлікті, инфрақұрылым нысандарын, шикізат активтерін токенизациялау жобасын жүзеге асыруды жеделдеткен жөн. Бұл орнықты және сұранысқа ие цифрлық құралдар нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.  

Мемлекет басшысы Алматы облысының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?