Қазақстан мен Ресей жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті. Олардың әлеуетін Астанада Премьер-министр Олжас Бектенов пен Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин талқылады. Келіссөз барысында барлық негізгі салалардың ынтымақтастық аясын кеңейту жоспарлары қаралды. Мәселен өнеркәсіп кооперациясы бағытында ғана бүгінде жалпы құны 18 жарым млрд доллардың 99 жоба жүзеге асты. Сонымен қатар, Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдау жоғары қарқынмен дамып келеді. Бұл ретте елдеріміз автокөлік және теміржол инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ су көлігі саласында жаңа баламалы бағыттар ашуға көңіл бөлуде. Былтыр 11 айда өзара сауда 24 млрд доллaрдан асып жығылды. Екі мемлекет басшыларының тауар айналымын 30 млрд дейін жеткізу жөніндегі уағдаластықтарына қол жеткізу үшін алмасатын өнім түрлері кеңейтілмек.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Қазақстанда қазір Ресейдің қатысуымен 23 мыңнан астам компания тіркелген. Бұл жалпы шетел капиталы бар кәсіпорындардың 40%-не жуық. Біз, әрине жаңа өндіріс ошақтарын құрып, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниеттіміз. Сондықтан Ресей компанияларын Қазақстанда түрлі бағытта бірлескен инвестициялық жобаларға белсенді қатысуға шақырамыз.
Михаил Мишустин, РФ Үкіметінің төрағасы:
- Қазақстан мен Ресей аумақтары арқылы Еуразияның маңызды транзиттік бағыттары өтеді. Біз халықаралық «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізіне үлкен көңіл бөлеміз. Болашақта ол барлық Еуразия аймағындағы мемлекеттердің мүдделері үшін маңызды жаһандық көлік бағыты боларына сенімдімін. Қазақстан нағыз Еуразиялық торапқа айналады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

