Қазақстан
медициналық туризмнің жаңа орталығына айналып келеді. Соңғы бес жылда елге
сырттан келетін емделушілер саны бес есе артқан. Бір ғана Астананың өзіне
дертіне ем іздеп келгендер 2022 жылмен салыстырғанда 4 есе көбейді. Бүгінде
тұтынушылар географиясы 50 елге жетіп отыр. Мұндай деректерді елордада өткен
салалық халықаралық форумда отандық Денсаулық сақтау министрлігі ұсынды.
Ведомство дерегінше, еліміз оларды сапа, заманауи технологиялар және тиімді
бағасымен қызықтырып отыр. Мұндағы диагностика мен операция АҚШ және Еуропа
елдерімен салыстырғанда 5 есе арзан. Сондай-ақ Қазақстан инновациялық
технологияларды енгізіп, кардиохирургия, трансплантология мен онкология
бағыттарын қарқынды дамыту үстінде.
Ақмарал Әлназарова,
ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Біз әлдеқашан
медициналық туризмнің орталығына айналған елдердің тарапынан асқан қызығушылық
байқап отырмыз. Қытайдан келушілер саны 24 есе артты. Үндістаннан 40 есе.
Туристік бағыттағы басты серіктесіміз әрі бәсекелесіміз, бауырлас Түркия елінен
келушілер 3 есе көбейді. Еуропа, Америка, Шығыс және Орталық Азиядан, таяу және
алыс шетелден медициналық туристердің ағыны артқаны байқалады. Сондықтан бұл қазір науқастарға не қажет
болса, соны ұсына білуіміз керектігін білдіреді.
Қазақстандағы
медициналық қызметтің сапасын әлем мойындап отыр. Бірден 9 отандық емхана
халықаралық JCI аккредитациясынан өтті. Ал ұлттық аккредиттеу жүйесі жалпы әлемдік
стандарттарға сай келеді. Бүгінде елде робот көмегімен жасалатын операциялардан
протондық және гамма-терапияға дейінгі жоғарытехнологиялық медициналық көмектің
80 түрі қолжетімді. Оған қоса қазақстандық кардиохирургия қызметі әлемдегі
топ-30 қатарына кіреді.
Рүстем Төлеубаев, Кардиология
және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы:
- Соңғы жылдардағы
науқастарымыздың көпшілігі – Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғызстан,
Тәжікстан, Еуропа және алыс шетелден келеді. Бұл ретте ресей азаматтарының
қарасы қалың. Сапа мен бағаға келсек, әлбетте баға маңызды рөл ойнайды. Тіпті
Ресеймен салыстырсақ, біздегі медициналық қызметтің құны әлдеқайда тиімді.
Конференцияға
әлемнің 13 елінен дипломатиялық өкілдік, халықаралық ұйым мүшелері, жетекші
сарапшылар, агенттер мен байерлер қатысты. Оның қорытындысы бойынша Денсаулық
сақтау министрлігі Туризм және спорт министрлігімен және Қазақстандық
медициналық туризм қауымдастығымен ынтымақтастық жөніндегі келісімдерге қол
қойды.

