Қазақстан шикізатқа тәуелділіктен қалай арылады? Сарапшылардың пікірінше, «жасыл» технологиялар мен облигацияларды қолдануға, атом энергетикасын дамытуға баса назар аудару қажет. «Сонымен қатар ауыл шаруашылығының рөлін күшейту – баса назар аудару қажет сала», – дейді олар.
Сондай-ақ мамандар елде мал шаруашылығының сапалы әрі экологиялық таза өнімін экспорттау басым бағытқа айналуына барынша мүмкіндік бар екендігін айтады. Отандық өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігі халықаралық деңгейде мойындала беруі маңызды. Бұл өнім әрқашан сұранысқа ие. Осыған байланысты жеткізілім көлемін ұлғайту және географиясын кеңейту маңызды.
Айта кетейік, елде «Alibaba» электронды платформасы арқылы саудасын дөңгелетіп жүрген жүзге тарта экспорттаушы анықталды. Осылайша, 4 мыңнан астам қазақстандық тауар халықаралық нарыққа қойылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жабық шекара жағдайында біз экспорттық ағындарды дәстүрлі бағыттардан сатудың жаңа нарықтарына бағыттай алдық. Мәселен, сафлор майын шығаратын отандық өндірушілер өз өнімдерін алғаш рет Катар мен АҚШ-қа экспорттады. Сондай-ақ біз мұздатылған етті Қытай мен Орталық Азия, Таяу Шығыс елдерінің нарығына жеткізілімді бір ізге қоя білдік. Енді біздің азық-түлік тауарларымызды жеткізу географиясын одан әрі кеңейту маңызды.
Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамытуға, көмір энергиясын газға айналдыруға, сутегін өндіру мен пайдалануға баса назар аудару экономикалық өсудің қуатты драйверіне айналады. Сондай-ақ сән және тоқыма өнеркәсібінің дамуы жеңіл өнеркәсіпті шикізаттық емес экспорттық позицияға айналдыруға мүмкіндік береді.