Қазақстан мен Өзбекстан халықаралық су және энергетика консорциумын құру мәселесін талқылады. Ташкентте екі ел арасындағы Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің бірінші отырысы өтті. Тараптар Трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және тиімді пайдалану туралы келісімге келу мен бекіту рәсімдерін талқылады. Отырыс барысында сауда, инвестициядағы әріптестік мәселелері де назарсыз қалмады. Депутаттар келешегі зор бірлескен жобалардың бірі ретінде «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының құрылысын айтты. Ерлан Қошанов Парламентаралық ынтымақтастық кеңесін құрудың маңыздылығына тоқталып, бұл – екі ел парламенттері арасындағы өзара ықпалдастықтың тың және жетілдірілген форматы, деп атап өтті.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті
мәжілісінің төрағасы:
- Мемлекет басшыларының жеке келісімдерінің
арқасында екі елдің ынтымақтастығы одақтастықтың жаңа деңгейіне көтерілді. Бұл
– Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі. Қазақ-өзбек
достығын нығайтудағы маңызды оқиғалар – одақтастық қатынастар туралы Декларацияға
және Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қоюды айту керек. Мемлекет
басшылары барлық келісімнің жоғары деңгейде уақтылы әрі дұрыс орындалуына
парламенттік бақылау жасауды Парламентаралық ынтымақтастық кеңесіне жүктеді.
Өзбекстан – Қазақстанның
өңірдегі ең ірі экономикалық серіктесі болып табылады. Орталық Азия елдерімен
тауар айналымы жалпы көлемінің 60%-тен астамы осы елге тиесілі. Өткен жылдың
соңында қос тарап арасындағы алыс-беріс АҚШ валютасында 5 млрд-қа жетті. Алдағы
уақытта екі ел үкіметтерінің алдында бұл көрсеткішті 10 млрд долларға дейін
арттыру міндеті тұр.