Қ. Тоқаев ШЫҰ отырысында негізгі бастамаларын ұсынды

Қ. Тоқаев ШЫҰ отырысында негізгі бастамаларын ұсынды

Таяуда Қытайдың Тяньцзинь қаласында өткен 25-ші Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне төрткүл дүние көз тікті. Көптің назарын аударған жиын жұмысына 20-дан астам мемлекет басшысы мен 10 халықаралық ұйымның жетекшілері қатысты. Кеңесте сөз алған Қазақстан Президенті саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ҚХР төрағасына алғыс айтып, Қазақстанның ШЫҰ-ның көпқырлы әлемдік тәртіп, қауіпсіздік, егемендікке қол сұғылмаушылық және көпжақты сауда мақсаттарын қолдайтынын айтты. Мемлекет басшысы бірқатар бастамаларды ұсынды. Еліміз «үш зұлымдық»: терроризмге, сепаратизмге және діни экстремизмге қарсы күресте күш-жігерді біріктіру керек деп санайды. Сондықтан Қазақстан ШЫҰ-ның қауіпсіздік сын-қатерлерімен күрес жөнінде төрт орталық құру бастамасын құп көреді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес арасында іскерлік байланыстарды күшейту маңызды деп ойлаймыз. ШЫҰ елдерін Ауғанстанға гуманитарлық, техникалық көмек көрсетуді жалғастыруға шақырамын. Сол арқылы аталған мемлекетті қалпына келтіріп, өңірлік және экономикалық процестерге қатыстыра аламыз.

ШЫҰ қатысушы елдердің әлемдік ішкі жалпы өнімдегі үлесі 30% жетті. Ішкі өңірлік сауда сенімді түрде өсіп келеді. Былтырғы қорытынды бойынша оның көлемі 650 млрд доллардан асты. Мемлекет басшысы өзара алыс-беріс әлеуеті мен инвестициялық ынтымақтастықты арттырып, осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет деп есептейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан ШЫҰ даму банкін құру жөніндегі Қытайдың бастамасына қолдау білдіріп, аталған перспективті жобаға атсалысуға әзір. Бұдан бөлек, Астана халықаралық қаржы орталығы базасында перспективті инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, заңгерлік, консалтингтік және қаржылық компанияларды шоғырландыратын ШЫҰ Кеңсесін құруды ұсынамын.

Президент көлік-транзит саласындағы серіктестікті нығайтуды тағы бір басымдық ретінде атады. Ол Солтүстік – Оңтүстік және Шығыс – Батыс, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәліздерінің әлеуеті мол екенін алға тартады. Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектті дамытуға да тоқталды. Жақын арада бұл нарықтың көлемі 5 трлн долларға жетуі мүмкін. Сондықтан Президент ШЫҰ-ның AI бойынша сарапшылық форумын құруды ұсынды.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алғашқы кездесуді Астанада Digital Bridge беделді форумы аясында өткізуге дайынбыз. Бұдан бөлек, еліміз 2027 жылы «ШЫҰ-ның экономика қызметіндегі жасанды интеллект» тақырыбында жоғары деңгейдегі конференция ұйымдастыруға ниетті.

Мемлекет басшысы экология саласындағы ықпалдастықты маңызды міндет деп атады. Сондықтан Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Су мәселелерін зерттеу орталығын ашуды қолдайтынын жеткізді. Президент келесі жылы Ұйымының құрылғанына 25 жыл толатынын еске салды. Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта ШЫҰ-ға төрағалық ететін Қырғыз еліне табыс тіледі. Саммит қорытындысы бойынша Мемлекет басшылары 20 құжатқа қол қойды.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?