Моңғолия Президенті Қазақстан астанасына мемлекеттік сапармен келеді. Саясаттанушылардың айтуынша, алдағы жоғары деңгейдегі келіссөздер екі ел қарым-қатынастарының жаңа кезеңіне бастау болмақ. Қазір Астана мен Ұлан-Батыр арасында тұрақты саяси диалог қалыптасқан, оған Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылдың қазанындағы сапары серпін берді. Тараптар стратегиялық серіктестік туралы бірлескен декларацияға және түрлі салаларда 11 келісімге қол қойған болатын. Сондай-ақ 2027 жылға дейін сауда мен экономиканы дамыту жөніндегі Жол картасын бекітті. Айта кетейік, өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы 130 миллион доллардан асты. Бұл ретте өзара сауданың барлық дерлік көлемін қазақстандық тауар экспортына тиесілі. Соңғы жылдары жеткiзiлiм тiзбесi едәуiр кеңейген: Қазақстан дәстүрлi нан-тоқаш өнiмдерiнен басқа дәрi-дәрмек, пластикалық қаптама мен дайын тамақ өнiмдерiн жөнелтедi. Ал Моңғолиядан біздің елге негізінен тоқыма, сондай-ақ ет әкелінеді, импорттың 90%-тен астамы еттің үлесінде. Қазір елдер өзара тауар айналымы көлемін 500 млн долларға жеткізу мақсатын қойды.
Бауыржан Аукен, ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты Азиялық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы:
- Мемлекет басшыларының кездесуіндегі күн тәртібінің негізгі мәселесінің бірі Қазақстан мен Моңғолия арасындағы көлік-логистикалық ынтымақтастықты оңтайландыру болады, бұл, сөзсіз, тауар айналымын одан әрі дамытуға және 500 млн доллар белгісіне қол жеткізуге айтарлықтай серпін береді. Қазақстанның тауарлар ғана емес, IT-қызметтерді де экспорттау әлеуеті зор.

