Қазақстан мемлекеттік бюджетінің 80%-дан астамы тұрақты даму мақсаттарымен үйлестірілген. Бұл ретте инфрақұрылымға, жолдарға, қалалар мен ауылдық жерлерде халықтың әлеуметтік қызметтерге қол жетімділігіне басымдық беріледі. Бұл туралы Сенатта тұрақты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын бақылау жөніндегі парламенттік комиссияның отырысында айтылды. Әсіресе, моноқалаларды жаңғыртуға ерекше назар аударылды. Қазір елімізде мұндай 20 шаһар бар. Олардың өндіріс көлемі отандық өнімнің үштен бірінен астамын құрайды. Отырысқа қатысушылар сонымен қатар энергетика, сумен жабдықтау, көлік және цифрлық байланыс саласындағы жобаларды іске асыру бойынша пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстармен алмасты. Олардың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында тұрғылықты жеріне қарамастан барлық қазақстандықтар үшін қолайлы жағдай жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2029 жылға дейінгі ұлттық инфрақұрылымдық жоспарды іске асыру және инвестициялар тарту басты назарда.
Ольга Булавкина,
ҚР Парламенті сенатының депутаты:
- Қазақстан қазір
Орталық Азия елдері арасында тұрақты даму мақсаттарын енгізу бойынша көш бастап
тұр. Біз белгілі бір ұсыныстар дайындап жатырмыз. Тиісті заңдармен жұмыс істей
бастаймыз. Бүгін айтылған ұсыныстар мемлекеттік бағдарламаларға енді. Заңнамалық
базаға кірді, олар бүгінде аймақтарға таратылуы керек. Яғни, әр аймақ қолдауға
ие болуы тиіс. Бүгінгі отырыста осы жөнінде айтылды. Бұл тақырып әлі де
айтылады. Күзде бұл мәселеге тағы бір рет ораламыз. Өйткені тұрақты даму
мақсаттары өздігінен құрылмайды.

