Қазақстан экономикасы пандемия жағдайына сәтті бейімделді және сенімді өсім қарқынын көрсетіп отыр. Биылғы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша ЖІӨ-нің өсімі 3,8% құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі хабарлады. Асқар Маминнің айтуынша, елімізде нақты сектордың тұрақты өсуі жалғасуда.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Нақты секторда өңдеу өнеркәсібінің өсімі 5,2% құрады. Оның ішінде машина жасау – 18,5%, автомобиль құрылысы – 21,3%, локомотивтер мен вагондар өндірісі – 56,7%, құрылыс материалдары – 9,2%, фармацевтика 27,9% өсті. Көмір өндірудің 0,7%, темір кенін өндірудің 3,9% өсуі есебінен тау-кен өндірісінің де қалыпқа келгені байқалады. Қызмет көрсету секторында да тұрақты өсу бар. Байланыс, сауда және көлік қызметтеріндегі жоғары қарқын есебінен өсім 3,9% жылдамдады. Құрылыс саласы да сенімді дамып келеді. Саладағы өсім 6,2% деңгейінде.
Сондай-ақ Асқар Мамин 11 ай ішінде елде 13,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін, бұл өткен жылға қарағанда 10,6% көп екенін айтты.
Авторы: Ақзер Сегізбай