Қазақстан eGov жүйесінің үлгісін Моңғолияға
сатуы мүмкін. Бұл туралы Цифрлық даму министрі Ұлан-Баторда өткен екі елдің
Іскерлік кеңесінің бірінші отырысында мәлімдеді. Өз сөзінде Жаслан Мәдиев
электрондық үкімет жобасы халық республикасына мемлекеттік қызметтерді
цифрландырудағы жетістіктерін пайдалануға мүмкіндік беретінін, олардың 90%
астамы онлайн түрде ұсынылатынын атап өтті. Сонымен қатар, ведомство басшысы
Astana Hub халықаралық технопаркін дамыту, шет елдерде IT-хабтар құру бойынша
табысты тәжірибесімен бөлісті. Министр бүгінде цифрлық технологиялар экспорты
республиканың даму стратегиясында ерекше орын алатынын және ынтымақтастық пен
инновациялар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі
министрі:
- Цифрландыру және сандық өнімдерді экспорттау – біз белсенді түрде
ілгерілетуді жоспарлап отырған бағыттардың бірі. Бүгінде Моңғолия цифрландыру,
соның ішінде электронды үкімет өнімдерін пәрменді түрде дамытып жатқанын көріп
отырмыз. Қос тараптың да ортақ мүдделері бар екенін байқап отырмыз. Қазақстан
тарапынан акселерациялық бағдарламаларымызды ұсына аламыз.
Екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысқа келер болсақ, ол жыл сайын
еселене түсіп, тұрақты дамып келеді. Мәселен, өткен жылы өзара алыс-беріс 133
млн долларды құраса, тек 2024 жылдың сегіз айында АҚШ валютасында 84 млн-ға
жетті. Оның басым бөлігі Қазақстанға тиесілі. Біздің еліміз Моңғолияға тамақ
өнімдерін, қозғалтқыштарды, машина жасау өнімдерін экспорттайды. Ал, бізге
темір жол вагондары, құрылыс материалдары, ет және тоқыма импортталады. Келешекте
бұл көрсеткішті әлі де арттырып, екі елдің тауарайналымын 500 миллион долларға
жеткізу көзделіп отыр. Бұған әлеует жеткілікті.
Дуурэн Тумэнжаргал, Моңғолия ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасының атқарушы
директоры:
- Моңғолия бизнесі үшін Қазақстанмен экономикалық байланысты дамыту стратегиялық тұрғыдан маңызды. Өйткені, бұл біздің ең жақын үшінші көршіміз. Әсіресе тасымалдау және логистика саласында ынтымақтастыққа бейілміз.
Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы:
- Моңғолияда дүниежүзі бойынша мыс, алтын өндірі өте жақсы жолға
қойылғандықтан, бұлардың да жинаған тәжірибесі бар және өз қаражаттарымен Қазақстанның
бірлескен кәсіпорынын құру арқылы біздің елімізде тау-кен саласына, соның
ішінде мыс өңдеуге инвестиция салуға уағдаластыққа қол қойылады. Сонымен қатар,
осы іскерлік кеңестің нәтижесінде 6 құжатқа қол қойылады. Және де Талғар
ауданында туристік объектіні салу. Ол 5 млн АҚШ долларының шамасында болады.
Қазақстан-моңғол Іскерлік кеңесінің бірінші отырысының қорытындысы бойынша тараптар
бірнеше ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.
Авторы: Әсел Күшенғалиева