Қазақстан мен Малайзия бірлескен жобалар туралы келісімдерге қол қойды

Бүгін Астанада екі елдің Премьер-Министрлерінің қатысуымен Қазақстан-Малайзия бизнес-форумы өтті. Оның аясында тараптар 350 млн асатын келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Енді мемлекеттер ислам қаржысын және сауданы дамыту, сондай-ақ азық-түлік өнеркәсібі, тау-кен салаларына инвестициялар тарту, алтын өңдеу және трансформатор мен автомобиль майын бірлесіп өндіру салаларында ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отыр. Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда малайзиялық капиталдың қатысуымен 48 компания жұмыс істейді. Жалпы сомасы АҚШ валютасында  410 млннан астам 17 бірлескен инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның үстіне соңғы жылдары өзара іс-қимылдың оң динамикасы байқалады. Мәселен, тараптар арасындағы алыс-беріс көлемі 30%-дан асты. Малайзия Қазақстанмен туризм, білім беру, энергетика салаларында, сондай-ақ отандық халал өнімдерді жеткізу саласында ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Олжас Бектенов малайзиялық кәсіпкерлерді қазақстандық тараппен қызмет көрсету, өңдеу өнеркәсібі, жер қойнауын пайдалану, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларындағы серіктестігін нығайтудың жаңа мүмкіндіктерін бірлесіп зерделеуге шақырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

-Малайзия – Қазақстан үшін аса маңызды нарықтардың бірі. 2023 жылы екіжақты тауар айналымы екі есеге жуық – 150 млн доллардан шамамен 250 млн долларға дейін өсті. Дегенмен, біз өзара сауданың пандемияға дейінгі 650 млн долларды құрайтын көрсеткішін қалпына келтіруге және одан асыруға тырысамыз, бұл біздің экономикаларымыздың орасан зор әлеуетін көрсетеді. Бұл ретте біз Малайзияға экспортты әртараптандыруға ниеттіміз және сауда серіктестігін нығайтудың жаңа мүмкіндіктерін зерделеуге дайынбыз.