Қазақстан тарихын таныстыратын үстел ойыны

Қазақстан тарихын ойын арқылы меңгеру. Отандық «Алтын орда» үстел ойыны осындай ерекше мүмкіндік сыйлайды. Ойын негізіне XIV ғасырдың екінші жартысындағы оқиғалар алынған, олар сұрақтардың жауабы тұспалдап берілген карточка түрінде ұсынылған, сондай-ақ фишкалар, карта мен монеталар да бар. Тағы бір ерекшелігі сол кезде қолданыста болған ақша айналымдары пайдаланылады. Ойыншы Жошы ұрпағының бір әулетін, сондай-ақ тайпасын таңдай алады.

Жақсылық Сәбитов, тарихшы, халықаралық Жошы ұлыстарын зерттеу институтының директоры: 

– Бұл ойын Алтын Орданың 1359-1381 жылдардағы кезеңін қамтиды, ол кезде Алтын Ордада үлкен азаматтық соғыс болып, осы уақыттарда 23 жылда 25 хан қаза тауып, билікке Тоқтамыс хан келді және ол Алтын Орданы қалпына келтіре алды. Және өте қызықты сеттинг, бұл ойын арқылы таққа талас туралы, хандар көп болған кездегі ішкі тартыс жайлы білуге болады. Оған қоса, Алтын орда тайпаларының бұл күреске қалай қатысқанын да білесіздер.

Альберт Асылгужин, суретші, графикалық дизайнер:

– Бастапқыда интернеттен бәрін таптым, бірақ сол кезеңнің толық картасы жоқ. Шашыраңқы батыс бөлігі, Сібір хандығы бар. Содан кейін табылған материалдар негізінде 20-30 жылға дейінгі кезеңдерді біріктіріп жинадым. Негізгі картаны байланыстырып, олармен суреттедім. Одан ары қарай барлық бөлігін бір-біріне жалғап, толық карта жасап шығардым. 

Жаңа үстел ойыны жасөспірімдермен қатар, үлкендерге де қызықты болмақ. Себебі ол біліміңді толықтырумен қатар, ойын арқылы сергітеді. Алдағы уақытта білім беруді геймификациялау үшін мектептерге ұсыну жоспарда бар. Осы мақсатта осыған дейінгі карта мен фишкаларға соңғы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек әзірлеменің де-люкс көшірмесі шығарылады. Ал ойынның өзі қазақстандықтарға келер жылдың басында таныстырылмақ.