Қазақстан мен Қытай жалпы құны 2,5 млрд доллар болатын 8 коммерциялық келісімге қол қойды. Бірлескен жобалар ең озық салаларда - соның ішінде кокс-химия өндірісі мен көмір-химия бағытында іске асырылмақ. Шанхайда Қазақстан-Қытай инвестициялық дөңгелек үстелінің қорытындысы осындай болды. Іс-шараға еліміздің Үкімет басшысы қатысты. Олжас Бектенов ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен және аспан асты елінің бизнес өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Министрлер кабинетінің басшысы елдер жақын арада өзара сауданы екі есе арттыруды жоспарлап отырғанын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан үшін өнеркәсіпті дамыту маңызды басымдықтардың бірі. Олжас Бектенов қытайлық компанияларды отандық бизнес-қауымдастықпен тығыз серіктестік орнатуға шақырды. Өз кезегінде қытайлық компаниялар біздің елге ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін сенімді серіктес ретінде қызығушылық танытты.
Ержан Елекеев, «Қазақинвест» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы:
- Бүгін дөңгелек үстелге 30-дан астам компания қатысуда. Олар түрлі индустрияларды қамтиды. Бірақ бұл компаниялардың барлығы жоғары технологиялы өнеркәсіптер және олардың дені өз индустрияларында көшбасшы екенінін атап өткім келеді. Біздің міндетіміз Қазақстанда жаңа көшбасшылар, яғни жоғары қосылған құнмен өндіріс ашатын жаңа компаниялардың пайда болуын қамтамасыз ету.
Арғұлан Майқонов, бірлескен жобаның жетекшісі:
- Саран индустриалды аймағының базасында бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойылды. Жүк және коммерциялық техника шығаратын инновациялық зауыт салуды жоспарлап отырмыз. Кабиналарды дәнекерлеу, катафорез, осы жүк көліктерін бояу және ұсақ түйінді жинау сияқты жұмыстарды жасау үшін заманауи жабдықтар сатып алынды.