Мәжіліс депутаттары сайлауына дауыс берудің алдын ала нәтижелері Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясында жарияланды. Қорытындыға сәйкес, Парламенттің төменгі палатасының жаңа шақырылымына үш саяси партия сайланды.
Соңғы мәліметтер бойынша, сайлаушылардың дауыстары былайша бөлінді: «Nur Otan» партиясы – 71,09 %; «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы – 10,95 %; «Қазақстан Халық партиясы» – 9,10 % дауыс жинады. Комиссия соңғы нәтижелерді аумақтық сайлау комиссияларының хаттамаларының түпнұсқаларын алғаннан кейін отырыста жариялайды.
Еске сала кетейік, Парламент Мәжілісіне өту үшін партиялар жеті проценттік межеден өтуі керек еді.
САБИЛА МҰСТАФИНА, ҚР ОСК ХАТШЫСЫ:
- Алдын ала нәтижеге сәйкес, 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауында сайлаушылар дауыстары былайша бөлінді: «Nur Otan» партиясына – 71,09 %; «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясына – 10,95 %; «Қазақстан Халық партиясына» – 9,10 %; «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясына – 5,29 %; «ADAL» саяси партиясына – 3,57 %.