Астана
халықаралық форумының алаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің
Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейл әл-Мазруимен кездесті. Тараптар жоғары деңгейде жасалған
уағдаластықтарды жүзеге асырудың нақты жолдарын, соның ішінде екіжақты тауар
айналымын 1 миллиард долларға дейін ұлғайту бастамасын талқылады. Министрдің
айтуынша, Әмірліктер Абу Даби Тақ мұрагерінің Қазақстанға сапары кезінде қол
қойылған келісімдерді орындауға белсене кірісіп кеткен.
Президент
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ көші-қон жөніндегі агенттігінің бас директоры Эми
Поуппен де
кездесті. Мемлекет
басшысы еліміз бұл бағытта
белсенді жұмыс жүргізетінін айтты. Эми
Поуп Қазақстанның Алматы процесіне 2025-2027 жылдардағы төрағалығының маңызын
атап өтті. Бұл – өзекті
проблемалардың шешімін бірлесіп іздеу шараларын үйлестіру алаңы.
Президент Жаһандық жасыл даму институтының төрағасы, БҰҰ-ның
сегізінші Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесуде аталған институтқа
еліміздің көміртегі бейтараптығы стратегиясын әзірлеуге көрсеткен сараптамалық
қолдауы мен Арал теңізін экологиялық
тұрғыдан қалпына келтіру бағдарламасына қатысқаны үшін алғыс айтты. Пан Ги Мун
Қазақстанның тұрақты даму мақсаттарына жұмсаған күш-жігерін қолдайтынын атап
өтті.
Президент БҰҰ-ның жоғары өкілдерімен де кездесу өткізді. Қасым-Жомарт
Тоқаевтың айтуынша, Астана халықаралық форумына ұйымның беделді өкілдерінің
қатысуы сан қырлы әрі сындарлы диалогтың баршаға ортақ екенін көрсетеді. Ұйым өзінің
әмбебап әрі баламасыз сипатын сақтап, бейбітшілік, қауіпсіздік және дамуды
қамтамасыз ету ісіндегі бірегей Ұйым ретінде қала беретініне сенім білдірді.

