Еліміз тәуелсіздік алғалы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық 60 есеге артты. 1992 жылы өзара алыс-берісті 368 млн доллардан бастаған тараптардың былтырғы жыл қорытындысы бойынша тауарайналым көлемі 23 млрд долларға жуықтаған. Мұндай деректер 2022 жылдың алғашқы күндері жарияланған еліміздегі Қытайдың төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяоның «Қытай-Қазақстан достығы – екі халықтың баға жетпес байлығы» атты мақаласында келтірілген. Сондай-ақ онда аспанасты елі біздің экономикамызға 2020 жылдың соңына дейін есептегеннің өзінде 21 млрд доллардан астам инвестиция құйғаны айтылған. Бұл қаржы өндіріс, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік салалары және «жасыл» экономика бағытындағы жобаларды қолдауға жұмсалған. Қос ел арасында 5 трансшекаралық мұнай-газ құбыры, екі шекаралық теміржол желісі құрылған. Қазақстан Қытай арқылы Тынық мұхитқа жол ашты. Екі мемлекет те Азия мен Еуропаны байланыстырушы маңызды торапқа айналды. Тиімді әріптестіктің аясында халықаралық алаңда елдеріміздің беделі асып, жаңа нарықтар бағындырылып жатыр.
Ли Куйвэн, ҚХР Бас кеден басқармасы Статистика және талдау департаментінің директоры:
- Долларлық мәнде экспорт пен импорт көлемі 6 трлн 50 млрд-ты құрады. 2013 жылы бұл көрсеткіш алғаш рет 4 трлн долларға жетсе, 8 жылдан кейін бір жылдың ішінде екі рет жаңа тарихи биікке шықты.
Ян Минь, ҚХР Мемлекеттік ақпарат орталығы болжау бөлімінің Макроэкономикалық зерттеулер зертханасының директоры:
- Әлемде өршіп жатқан пандемия жағдайында Қытайдың сыртқы саудасы сандық, сапалық жағынан жақсаруын жалғастырды. 13 жыл қатарынан Қытай – әлемдегі ең ірі экспорттаушы. Сондай-ақ біз күткен нәтижелерден әлдеқайда асып түсті, 14-ші бесжылдықтың жақсы бастауы болатын көрсеткіштерге қол жеткіздік.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов