Оңтүстік Корея компаниясы Алматының медицина саласына шамамен 30 млн доллар көлемінде инвестиция салуға ниетті. Нәтижесінде оңтүстік мегаполис таң самалы еліндегі озық медициналық концерннің Орталық Азиядағы өңірлік хабына айналмақ. Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев Сеулге жұмыс сапары барысында осындай уағдаластыққа қол жеткізді. Шаһар басшысы кәріс елінің жетекші медициналық қоры мен компаниясының төрағасымен кездесті. Қос тарап бірқатар бірлескен жобалардың әлеуетін талқылады. Бұл қатарда жаңа клиника салу, осы бағыттағы заманауи зертханаларды жаңғырту мәселелері бар. Бұған қоса алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде емхана мен медициналық зерттеу орталығын басқару әдістемесіне корейлік модельді ендіру көзделіп отыр. Сондай-ақ бірлесіп тіркеу деректерін өңдеу рәсімін оңтайландыру, өзін-өзі диагностикалау құрылғылары мен телемедицинаны дамыту жағы қолға алынады.