Иран Президенті Ибрахим Раиси мен Сыртқы істер министрі Хосейн Амир Абдоллахиянның өлімінен кейін елдің сыртқы саяси бағыты өзгермейді. Мемлекет басшылары бастапқы бағыттан танбайтынын жеткізді. Бұл туралы Президент телерадиокешенінің Silk Way арнасына берген эксклюзивті сұхбатында Ислам Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Махди Сафари айтты.
Жуырда ол ШЫҰ мүше елдердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты. Осылайша, Иран Қазақстан және осы ұйымға мүше өзге мемлекеттермен әріптестік қарым-қатынасты сақтап қалуға ниетін жасырмады.
Ислам Республикасы тек саяси ғана емес, сауда саласында да ынтымақтастықты күшейтуге ниетті. Оған елдің географиялық орналасуы да ыңғайлы болғандықтан, барлық жағдай қолайлы.
Мехди Сафари, Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары:
– Менің ойымша, екіжақты қарым-қатынастың стратегиялық маңызы жоғары. Атап айтсақ, біз өзара экономикалық әріптестік пен транзиттік әлеуетті арттырғымыз келеді. Осы мақсатта елдеріңізбен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Алдағы уақытта Иран, Еуропа, Парсы шығанағы мен Оман теңізіне тауар тасымалдау үшін Қазақстан, Түрікменстан және өзге де мемлекеттермен жұмыс жүргізудеміз. Бұл Үндістан, Орта Азияға және керісінше тауар тасымалдау үшін керемет мүмкіндік.