Қазақстанда венчурлік инвестициялық экожүйенің даму қарқыны жоғары. Бұл бағыттағы мәмілелер бойынша еліміз былтыр Орталық Азия өңірі мен Кавказ мемлекеттері арасында көш бастады. Мұны нақты сандар дәйектейді.
Мәселен, аймақта мұндай транзакциялардың жалпы сомасы 110 млн долларды құрады. Оның 80 млн доллардан астамы Қазақстанда жасалған.
Мысалы, Astana Venture Club іске қосылған бір жыл ішінде резиденттердің түрлі стартаптарға салған инвестициясының көлемі 300 мың доллардан асқан. 6 жоба өндірістік жолға қойылды.
Нұрасыл Жарбасов, Astana Venture Club басшысы және негізін қалаушы:
– Біз бизнес періштелер мектебінің екі ағынын өткіздік. Өткен жылда осы іскерлік топта жүзге жуық адамды оқыттық. Нәтижесінде бірнеше мәміле жасалды. Олардың ішінде 40 шақты адамды сенімді әрі белсенді резидентіміз деп айтуға болады. Біз оларға жеке ісіңді ашу үшін шағын мөлшерде қаржы құйып, сәтті жүзеге асыруға болатыны жөнінде кеңес береміз.
Венчурлік инвестициялардың тәуекелі жоғары, алайда сонымен бірге жоғары табысты қаржылық құрал екені ешкімге құпия емес. Қоғам үшін маңызы зор өзекті жобалар нарықтан өз орнын табатыны белгілі. Мұндай ұтымды әрі өміршең бастамаларға қаржы құйған бизнес-періштелер мол табысқа кенелері анық. Ең бастысы нарық сұранысын білу керек. Бұл ретте IT, финтех және жасанды интеллект саласындағы тың жобалар әлеуетті инвесторлар үшін аса тартымды болмақ. Оның жемісін стартапшылар мен қаржы көзінің иесі ғана емес, өнімді пайдаланушылар көруі тиіс. Яғни, шарапаты тұтынушыға тиетін жобаларды қолға алған дұрыс дейді мамандар.
Мұндай әзірлемелер заманауи инновациялық тұғырнамаларда ұсынылады. Оларда Astana Hub халықаралық технопаркінің резиденттері өз өнімінің нарық сұранысына сай екенін дәлелдеп келеді.
Бақдәулет Тығынбаев, Стартап жобаның негізін қалаушы:
– Біздің спикер 2000 адамнан тұратын үлкен аудитория алдында өз өнімін ұсынып, бар болғаны 25 минут ішінде 1,5 млн теңгенің қызметін сатты. Казір инвестициялаудың бастапкы кезеңінде тұрмыз жане шамамен 150-200 мың доллар қаржы тарттық. Бізде жергілікті инвесторлар, іскер періштелер, сонымен қатар шетелдік инвесторлар, соның ішінде венчурлық қорлармен келісімдер бар.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы инновациялар мен технологиялық үрдістердің қозғаушы күші ретінде венчурлік капитал нарығын дамытудың маңызы жөнінде бірнеше рет айтқан болатын. Сондай-ақ салаға халықаралық ойыншыларды тартудың мәні зор. Сарапшылардың пікірінше, ол үшін әлемдік нарықты бағындыра алатын табысты отандық стартаптарға басымдық берген абзал.