Тиісті жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойды.
Айта кетейік, Үкімет басшысы лауазымына кандидатураны сайлауда басымдыққа ие болған Аманат партиясы ұсынды. Мәжіліс депутаттарының басым бөлігі Әлихан Смайыловты қолдап, дауыс берді. Мәжілістің пленарлық отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің алдындағы негізгі міндеттер мен басымдық берілуі тиіс бағыттарды атады. Оның бастысы экономикаға тіреледі. Нақты айтқанда бәсекеге қабілетті экономика құра отырып, өсім көлемін 4 процентке жеткізу. Бұл межеге инфляцияны тежемей қол жеткізу мүмкін емес екені анық. Жаңа Үкімет оны биыл кемінде екі есеге төмендету керек. Сондықтан Мемлекет басшысы азық-түліктің бағасын реттеуге баса мән беруге шақырды. Сондай-ақ Үкімет агроөнеркәсіп кешенін қолдай отырып, ішкі нарықты өз өнімдерімізбен қамтамасыз етуге күш салуы тиіс. Әкімшілік реформаны жалғастырып, бюрократияны барынша азайту да жаңа министрлер кабинеті алдына қойылған міндет. Бұл ретте Президент мемлекеттік аппараттың жұмысын қайта қарап, оны жаңғыртуды тапсырды. Өз кезегінде Әлихан Смайылов Үкімет алдағы уақытта кәсіпкерлікті қолдау мен бизнес климатты жақсарту, шикізаттық емес тауарлар өндірісін ұлғайту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл-аймақтардың инфрақұрылымын, халықаралық дәліздерді дамыту жұмыстары жалғаса беретінін жеткізді. Сондай-ақ Үкімет Парламент депутаттарымен өзара үйлесімді жұмыс істейтініне сенім білдірді.