Қазақстан мен Конго ынтымақтастық аясын кеңейтуге ниетті

Қазақстан мен Конго ынтымақтастық аясын кеңейтуге ниетті

Ақордада Конго Демократиялық Республикасының Президентін ресми қарсы алу рәсімі өтті. Феликс Чисекеди елімізге мемлекеттік сапармен келді. Айта кетейік, бұл екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасы тарихындағы жоғары деңгейдегі алғашқы сапар.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Феликс Чисекеди шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Мемлекет басшысы бұл сапар екі елдің өзара қарым-қатынастарының дамуына тың серпін беріп қана қоймай, Орталық Азия мен Африка арасындағы байланыстарды нығайтатынын атап өтті. Осы құрлықтағы елдермен өзара іс-қимылды арттыру республикамыздың сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі. Мұны Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өтті. Қазақстан Президенті Конго Демократиялық Республикасының сирек шикізат қоры әлеуетін жоғары бағалады. Оның үлесіне әлемдік кобальт өндірісінің 70% астамы тиесілі. Бұл елдің де жер қойнауы Қазақстан сияқты табиғи ресурстарға бай. Сондықтан елдеріміз өзара тиімді жобаларды іске асыруда сенімді серіктес бола алады, деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгінгі келіссөздер Астана мен Киншаса арасындағы байланысты жаңа белеске көтереді, тиімді әріптестік орнатуға мүмкіндік береді. Конго Демократиялық Республикасы - Қазақстанның Африкадағы маңызды серіктесі. Сондықтан екі ел арасындағы қарым-қатынастың келешегі зор деп ойлаймын.

Елдеріміз қазірдің өзінде тау-кен өнеркәсібі саласында өзара ынтымақтастық орнатқан. Отандық ERG компаниясы Конгода табысты жұмыс істеуде. Тараптар қол жеткізілген жетістіктермен тоқталмай, екі жаққа да тиімді байланыс көкжиегін кеңейтуге ниетті. Сондықтан келіссөздер барысында арадағы сауданы дамыту, көлік-логистика және аграрлық салалардағы және ІТ-сектор мен цифрландыру бағыттарындағы серіктестікке ерекше назар аударылды.

Феликс Чисекеди, Конго Демократиялық Республикасының Президенті:

- Маған және делегациямызға көрсеткен қонақжайлық ниетіңіз үшін Сізге, сондай-ақ Қазақстан халқына алғыс айтамын. Біз өзара ынтымақтастықты тереңдетуге дайынбыз. Біздің мемлекеттеріміз географиялық тұрғыдан бір-бірінен алшақ орналасса да, халықтарымызды егемендік пен территориялық тұтастықты құрметтеу, диалог арқылы бейбітшілікке үндеу секілді ортақ құндылықтар біріктіреді. Конго Демократиялық Республикасы халықаралық қоғамдастықтың, соның ішінде Қазақстанның ең қиын сәттерде көрсеткен қолдауын ешқашан ұмытпайды.

Келіссөз қорытындысы бойынша мемлекет басшылары Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Бұдан бөлек дипломатиялық консультацияға, тау-кен және геология саласындағы ынтымақтастыққа қатысты ведомствоаралық құжаттарға қол қойылды. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Феликс Чисекедиді екі жақты ынтымақтастықты нығайтуға және халықтар арасындағы достықты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?