Қазақстан Арменияға экспорт көлемін 350 млн долларға арттыруға дайын

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванға ресми сапармен барды. Мемлекет басшысы Армения Премьер-министрімен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы маңызды әрі сенімді серіктесі екенін атап өтті. Бүгінде қос тараптың да ынтымақтастықты арттыруға әлеуеті зор. Атап айтқанда, бұл сауда-экономикалық, инвестициялық, көліктік-логистикалық салаларда байқалады.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

– Экспорттық-импорттық тауарлар номенклатурасын кеңейту үшін нақты шаралар қабылдауымыз керек. Ол үшін қолда бар мүмкіндікті барынша тиімді пайдалану қажет. Қазақстан Арменияға шығарылатын экспорт көлемін 350 миллион долларға жеткізуге дайын. 

Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес-миссиялар арқылы байланыстарды жандандыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан Арменияның Оңтүстік Кавказдағы көлік байланысын қайта жандандыруға ұмтылысын жоғары бағалайды. Тараптар тікелей әуе қатынасын ашуға ниетті. Бұл ретте жаңа әуе жолдары Астана мен Ереванды ғана емес, басқа қалаларды да байланыстырады. Екі ел арасында экономикалық серіктестіктен өзге бағыттарда да  ынтымақтастық орнаған. Қазақстан мен Армения көпжақты құрылымдар аясында тиімді іс-қимылды жалғастырып келеді. Тараптар бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту үдерістерінде ынтымақтастықты жалғастыруға келісті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

– Біз Армения мен Әзербайжанның бейбітшілік шартын жасауға ұмтылысын толық құптаймыз. Құрметті Премьер-министр мырза, жаңа ғана айтқандай, Қазақстан барынша қолдау көрсетіп, ізгі қызметтер миссиясын қолға алуға дайын. Яғни, екі ел арасындағы келіссөздерді жүргізу үшін өз алаңын ұсынады. Ең басты мақсатымыз – біздің достас елдерімізді жақындастырып, мызғымас тату көршілікке, аймақтағы бейбітшілік пен тұрақты дамуға жол ашу. 

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян Бірлескен мәлімдемеге, сондай-ақ бірқатар құжаттарға қол қойды. Оның ішінде – екі ел үкіметтері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша алдағы 2 жылға арналған жол картасы. Мәдени байланыстарға келетін болсақ, биыл Қазақстанда армян мәдениеті күндері өтеді, ал келесі жылы отандық ақындар, ғалымдар мен композиторлардың жетістіктерімен Армения тұрғындары таныстырылады. Ереванда ұлы ойшыл Абай, ал Астанада армян әліпбиінің негізін қалаушы Месроп Маштоц атындағы көше пайда болады.