Қазақстан мен Конго 10 бірлескен құжатқа қол қойды

Конго Қазақстанның Африка құрлығындағы маңызды серіктесі. Ел Президенті Дени Сассу-Нгессоның ресми сапары екі жақты қарым-қатынастарға, сонымен қатар Орталық Азия мен Африка арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсуге тың серпін береді. Бұл туралы екі ел ресми делегацияларының кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Қазақстан пен Конго бір-бірінен қашықта орналасқанына қарамастан өзара байланысты жан-жақты дамытуға мүдделі. Қазақстан мен Конго ынтымақтастығының әлеуеті өте жоғары. Атап айтқанда, сауда-экономика, ауыл шаруашылығы, тау-кен, өндіріс және жаңа технологиялар бағыты басымдыққа ие.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Респбликасының Президенті:

- Екі ел үкіметтеріне өзара сауда-саттық көлемін арттыру үшін, нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма беруге келістік. Қазақстанның Конгоға дәнді дақылдарды экспорттауға қатысты әлеуеті мол екеніне назар аудардық. Өздеріңізге мәлім, екі елдің де табиғи ресурстары мол. Темір, фосфат, боксит және басқа да сирек кездесетін минерал кеніштерін барлау және игеру үшін бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Қазақстан кәсіпкерлері Конгоның тау-кен саласын зерттеуге дайын екенін келіссөз барысында атап өттім

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің көлік-логистика саласындағы қарым-қатынасы жан-жақты талқыланғанын жеткізді. Бұл ретте Орталық Африка аймағы қақпасының кілті - Пуэнт-Нуар портының әлеуеті зор. Өз кезегінде Конго Президенті Қазақстанмен энергетика саласы бойынша байланыс орнатудың перспективасына баса назар аударды.

Дени Сассу-Нгессо, Конго Республикасының Президенті:

- Конго экономикасы мұнай өнеркәсібіне негізделген. Қазақстанның осы салада тәжірибесі мол. Бұдан бөлек, пайдалы қазбалардың өзге де түрлерін игеруде ықпалдастық орната аламыз. Бұл орайда Конгоның энергетика секторы қазақстандық операторларға зор мүмкіндік ұсынады, – деді Дени Сассу-Нгессо.

Қос тарап жаһандық және аймақтық қауіпсіздікке мәселелерін назардан тыс қалдырмады. Алдағы уақытта қос ел климаттың өзгеруімен бірлесе күресуге келісті. Жалпы Конго Республикасы Президентінің Қазақстанға ресми сапары аясында барлығы 10 құжатқа қол қойылды. Олар экономиканың түрлі салаларын қамтиды. Тараптар мұнай және газ, энергетика, жерді қашықтан зондтаудың ғарыштық жүйесі, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар салаларында ынтымақтастығын нығайтуға уағдаласты. Ал, Қазақстанның бұл елде арнайы елшісін тағайындауы екі жақты қарым қатынатарды жандандыруға тың серпін бермек.