Астанада «Robotek Grand Tournament» халықаралық турнирі өтіп жатыр

Астанада оқушылар арасында робототехникадан халықаралық чемпионат өтіп жатыр. Бұл осымен Қазақстандағы үшінші «Robotek Grand» турнирі. Құлтемірлер додасы елімізбен қатар Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанның ең үздік құрамаларын жиды. Барлығы 9-17 жас аралығындағы бірнеше лекте 7 санат бойынша 200-ден астам сайыскер бақ сынайды. Әрбір командаға робот құрастыру үшін бірнеше ай берілді. Жарыс алдында құлтемірлер сыналып, ортақ ережелерге сәйкестігі тексерілді.


Санжар Шалқарбеков, «Robotek» мектебінің бас директоры:

– 2 күн ішінде балалар робототехника бойынша 7 санатта сынға түседі. Оларға сәл тоқталсақ, «Мерген», «Жеткізуші робот», «Ту жеткізу», «Роботек» және «Инверс жолағы бойынша жарыс». Бұл санаттарда балалар мықты роботтарды құрастырып, 2-3 минут ішінде алаңдағы барлық тапсырмаларды орындаулары тиіс.

 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәстүрлі жарыс робототехника, инженерия және бағдарламалау салаларында дарынды балаларды анықтауға және қолдауға бағытталған. Сондай-ақ жастар арасында техникалық мамандықтарды кеңінен насихаттап, қоғам мен мемлекеттің назарын техникалық білім беру мәселелеріне аударуды көздейді. Айта кетерлік жайт, «Robotek Grand Tournament» турнирінің алаңында жаһандық «TurkTime» бағдарламасы аясында түркітілдес елдердің робототехника мектептері арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Олардың бірі - Қырғызстан. Бауырлас елдің қатысушылары үздік әзірлемелерін ұсынды.

Аруубек Баймырзаев, халықаралық сайыстың қатысушысы: 

– Жалпы айтарым: Қазақстан өте керемет, әдемі, көркем мемлекет. Біз енді біртуған елміз. Халқы қонақжай әрі мейірімді. Өзге командалармен де танысып жатырмыз. Әсіресе, Өзбекстан мен Тәжікстан командаларымен білісіп, әңгіме-дүкен құрдық. Олар да жақсы өнер көрсетті. Біз бір затты бірінші нүктеден алып, екінші нүктеге апаратын жеткізуші роботты осы сайысқа әкеліп отырмыз. Осы роботты жасау үшін көп еңбектендік.

 

Әр санаттағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом және бағалы сыйлақтарға ие болады. Сондай-ақ, «Үздік инженерлік шешім», «Ауылдан келген үздік топ» және «Үздік шетелдік топ» аталымдары бойынша да арнайы сыйлықтар қарастырылған. Айта кетейік, жеңімпаз команда Ақпараттық технологиялар мектебі мен Қазақ-Британ техникалық университетінің білім грантына ие болады.