Қазақстан мен Италия ынтымақтастығының көкжиегі кеңейіп келеді

Қазақстан мен Италия ынтымақтастығының көкжиегі кеңейіп келеді

Ақордада Астанаға ресми сапармен келген Италия Президенті Серджо Маттарелланы салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекет басшылары бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды. Бұдан кейін президенттер келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелланың Қазақстанға сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін беретінін атап өтті. Италия Президенті де байланыстарды кеңейтудің маңыздылығын тілге тиек етті. Көзбе-көз жүздесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Серджо Маттарелла екі ел делегацияларының қатысуымен келіссөздерді жалғастырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Италия Қазақстанның үш ірі сауда серіктестерінің бірі болып қала береді. Экономикалық ықпалдастығымыз өте қарқынды дамып келеді және оны одан әрі арттырудың әлеуеті зор. Сіздің еліңіздің экспортты ұлғайту жөніндегі жоспарын құптаймыз. Италияның соңғы жиырма жылда экономикамызға құйған инвестициясы 7,5 млрд долларға жетті. Бүгінде қазақ жерінде 250 италиялық компания табысты жұмыс істеп жатыр.

Былтыр екі ел арасындағы алыс-беріс көлемі 20 млрд долларға жетті. Биылғы 8 айда бұл көрсеткіш 11 млрд доллардан асты. Аса маңызды шикізат материалдары, мұнай химиясы, машина жасау, көлік және логистика, тамақ өнімдерін қайта өңдеу, AI, туризм және білім беру. Осының бәрі Қазақстан-Италия ынтымақтастығын тереңдетудің әлеуетті бағыттары. Президент осы орайда, «Орталық Азия – Италия» диалог алаңы аймақтық деңгейдегі әріптестігімізді жандандыра түсетінін алға тартты. Оның алғашқы отырысы биыл мамыр айында Астанада өткен болатын.

Серджо Маттарелла, Италия Президенті:

- Сіздің былтыр Римге жасаған сапарыңыз өзара қарым-қатынастың маңызды кезеңі ретінде ынтымақтастығымыздың одан әрі нығаюына берік негіз қалады. Бұл қадамдар серіктeстігімізге барлық бағытта ерекше сипат береді. Мәдениет саласындағы ықпалдастығымыз белсенді дамып келеді. Италия Орта Азиядағы алғашқы мәдениет орталығын Астанада ашқан болатын. Елорданың бір көшесін Марко Полоның құрметіне атау туралы ұсынысыңыз қос мемлекеттің байланысын одан әрі тереңдетуге бейіл екеніңізді көрсетеді. Бұл қолдауыңыз үшін Сізге шынайы ризашылығымды білдіремін

Тараптар келіссөз кезінде білім саласына да айрықша тоқталған. Қазіргі таңда Италияның үздік жоғары оқу орындарында Қазақстанның төрт мыңнан астам студенті білім алып жатыр. Биыл Жетісу университетінің негізінде Марке политехникалық университетінің филиалы жұмыс істей бастады. Римде таяуда қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының мүсіні орнатылмақ. Неапольде ойшылдың құрметіне аттас опера қою жоспарланған. Сондай-ақ, келесі жылы Италияда «Көшпенділер алтыны» көрмесі өткізілмек. Осындай тағылымды іс-шаралар халықтарымызды жақындата түсетіні сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы елдеріміз арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға айрықша үлес қосқаны үшін Италия Президентіне І дәрежелі «Достық» орденін табыстады. Өз кезегінде Серджо Маттарелла Қасым-Жомарт Тоқаевқа Италияның ең жоғарғы наградасы – «Италия Республикасына сіңірген еңбегі үшін» орденін тапсырды.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?