Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен
Түркістан облысында болды. Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп,
ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген кесенеде жүргізіліп жатқан
кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысты. Ал Түркістан қаласында
жаңадан бой көтерген «Достық үйінде» жергілікті зиялы қауыммен және Қазақстан халқы ассамблеясының
мүшелерімен жүздесті. Мемлекет басшысы қоғамның
дамуына өзіндік үлес қосып жүрген ардагерлер қауымына алғыс білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев,
Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қастерлі Түркістан жеріне арнайы
келіп отырмын. Түркістан өңірінің келешегі жарқын деп ойлаймын. Жастарымызға
үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ардагерлерге алғыс айтқым келеді. Жастарға
үлгі өнеге көрсетіп жатырсыздар. Біз бәріміз
бірігіп, ел үшін еңбек етуіміз қажет. Сырттан келетін тәуекелдер аз емес. Болып
жатқан ахуалды жақсы білесіздер. Халқымыз
көпұлтты, Түркістанның келбеті жақсы. Абаттандырылды. Қала таза.
Мемлекет басшысы
бүгінгі таңда 500-ден астам дарынды оқушы білім алып жатқан «Білім-Инновация» лицей-интернатына ат басын
бұрды. Жыл басында жаңа ғимарат пайдалануға беріліп, лицей-интернат Кентаудан
Түркістан қаласына көшірілген. Лицейде жаратылыстану-математика бағытына
басымдық беріледі. Ұстаздар оқушылардың академиялық жетістіктеріне ден қояды. Нәтижесінде
олар республикалық, халықаралық пән олимпиадаларында және спорт сайыстарында
үздік атанып жүр. Айта кетейік, бүгінде Түркістан
облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 29 мектеп салынып жатыр. Биыл
13 білім ошағы пайдалануға берілмек. Мемлекет басшысы Мұз сарайын
да аралап көрді. Кешен заманауи үлгіде жабдықталған. Мұнда жыл бойы шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және хоккей сияқты қысқы спорт
түрлерімен айналысуға қажетті жағдай жасалған. Арнайы технология алаңның
пішінін өзгертуге мүмкіндік береді. Сол арқылы бір мезгілде бірнеше спорт
түрімен шұғылдануға болады. Қасым-Жомарт Тоқаев жас өрендердің өнерін тамашалады. Ал, «Turan Tigers» хоккей
клубының спортшылары Мемлекет басшысына команданың жейдесін сыйға тартты.