Біз
экономикалық өсім мен климаттық саясат арасындағы тепе-теңдікті қатаң
сақтауымыз керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанда өткен
«Жаһандық
климат сын-қатерлері кезеңіндегі Орталық
Азия» халықаралық
конференциясында осылай деді. Орталық
Азия -
планетадағы климат өзгерістеріне ең осал өңірлердің бірі. Мұнда жаһандық жылыну
әлемдегі орташа көрсеткіштен екі есе жылдам жүріп жатыр. Аймақ мұздықтардың
еруі, шөлейттену және су тапшылығы секілді сын-қатерлермен бетпе-бет келіп
отыр. Оның
алдын алу үшін аймақ елдері
күш-жігерді еселеп, серіктестік аясын кеңейтуі қажет.
Қасым-Жомарт
Тоқаев, Қазақстан
Республикасының Президенті:
- «Өңірімізде су тапшылығы
уақыт өткен сайын өзекті мәселеге айналып келеді. Оны екі нәрседен аңғаруға
болады. Соңғы жиырма жылда жан басына шаққандағы сумен қамтамасыз ету
көрсеткіші 30 пайызға кеміді. Аймақтағы су ресурстарының 70 пайызы –
трансшекаралық. Дәл осы себепті бізге су үнемдеу технологияларын және smart
суару мен гидрологиялық мониторинг жүйелерін дамыту ісінде халықаралық
қоғамдастықтың қолдауы қажет. Біз бұрыннан айтылып келе жатқан Орталық Азия
су-энергетика серіктестігін құру бастамасын ілгерілетуге әзірміз».
Қазақстан «жасыл» экономикаға өтуді
стратегиялық басымдық ретінде қарастырады. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңартылатын энергия
көздерін дамыту – стратегиямыздың өзегі екеніне тоқталды. Еліміз зиянды шығарындыларды азайтып, энергетикалық
қауіпсіздікті нығайту үшін алғашқы атом электр стансасын салуды жоспарлап отыр.
Президент Қазақстанның кең даласы «көміртекті
егіншілікпен» айналысу және экожүйені қалыпқа келтіруде зор мүмкіндікке жол ашатынын
айтты. Орталық
Азияда тіршілік ететін бірегей және жойылу қаупі бар жануарлар мен өсімдік
түрлерін сақтау маңызды.
Бұл ретте Қасым-жомарт Тоқаев
Қазақстанда Президент жанындағы Халықаралық биоалуантүрлілікті қорғау қорын
құру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.

