Қазақстан Вьетнамға ет және тәтті тағамдар экспорттауға ниетті

Қазақстан Вьетнамға ет және тәтті тағамдар экспорттауға ниетті

Қазақстан Вьетнамға экспортты арттыруға ниетті. Қазірдің өзінде 100 млн долларға 35 тауар түрін тасымалдауға дайын. Бұл туралы Астанада өткен Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 11-ші отырысында қаралды. Ең алдымен еліміз металлургия, мұнай-химия, тамақ өнеркәсібі, химия өнеркәсібі және машина жасау сияқты салалардағы тауарлар жеткізуге ниетті. Сонымен қатар астық, бидай ұны, макарон және кондитер өнімдерін, ет және ет өнімдерін, сүт, жарма және басқа да жоғары сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрлерін жеткізуге қызығушылық танытты.

Бірақ алдымен тиісті стандарттар мен процедураларды әзірлеу, сондай-ақ өнімдердің қауіпсіздік пен сапа талаптарына сай болуын қамтамасыз ету үшін сертификаттау үдерісінен өту қажет. Тараптар, жақын уақытта мал шаруашылығы өнімдерін экспорттаудағы санитарлық-ветеринарлық талаптар жайлы ақпарат беруге уағдаласты.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

– Былтыр Ханойдағы сауда миссиясы алаңында қазақ-вьетнам өзара әріптестігінің жаңа форматы пайда болды. Біз жақын арада 35 тауар түрі бойынша 100 млн долларға экспорт бастап кетуге әзірміз. Экспортқа бейімделген қазақстандық компаниялар Вьетнам экспорт нарығының өздеріне қажет тұстарын зерттеп үлгерді. Ол бағдарламаға сәйкес, компаниялардың басым көпшілігі Вьетнам нарығына шығу үшін жергілікті өкілдіктер немесе дистрибьюторлар арқылы шығуды қалайтынын түсіндік. Былтырғы қыркүйектен бері әріптестікті нығайту мақсатында ірі компаниялардың қатысуымен бизнес-кездесулер өткізіліп келеді. 

Айта кетейік, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сауда-саттық көлемі артып келеді. Мәселен, былтыр 85%-ға артып, 980 млн долларды құрады.

Естеріңізге сала кетсек, екі мемлекет басшылары алдағы жылдары өзара алыс-берісті 1,5 млрд долларға дейін арттыруға келіскен.