Биыл қаңтар-мамыр айларында Қазақстан мен Грузия
арасындағы тауарайналым 75 млн доллардан асты. Бұл өткен жылдың сәйкес
кезеңімен салыстырғанда шамамен 36 пайызға артық. Елдер арасындағы
ынтымақтастықты нығайтуды Премьер-министр Олжас Бектенов пен Грузияның
экономика және тұрақты даму министрі Мариам Квривишвили талқылады. Тараптар
сауда мен инвестицияларды дамытуға, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға және
көлік-логистикалық байланыстарды кеңейтуге ерекше назар аударды. Атап айтқанда,
Транскаспий халықаралық көлік маршрутының мүмкіндіктеріне басымдық берілді.
Елдердің транзиттік әлеуетін дамытудағы маңызды кезең Поти портында жаңа
қазақстандық контейнерлік терминалдың іске қосылуы болды. Бұл - Грузияның
негізгі теңіз хабтарының біріндегі алғашқы отандық инфрақұрылымдық жоба.
Еліміздің Премьер-министрі атап өткендей, нысан Транскаспий бағыты бойынша жүк
ағынының көлемін ұлғайтуда маңызды рөл атқарады. Тараптар Грузия нарығына астық,
ұн, ет-сүт өнімдері секілді ауыл шаруашылық тауарларын жеткізуді ұлғайту
тетіктерін талқылады. Мариам Квривишвили Қазақстанмен сауда, туризм және логистикалық
инфрақұрылым салаларындағы әріптестікті кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

